Газ қазандығын жөндемек болған қазақстандық 20 млн теңгесінен айырылды

0
112

Полиция интернет арқылы сауда жасау кезінде қазақстандықтарды сақ болуға шақырады.


Газ қазандығын жөндемек болған қазақстандық 20 млн теңгесінен айырылды

Фото: freepik


ERNUR.KZ. Алматы облысында интернет-алаяқтық арқылы 20 млн теңге жымқырған күдіктілер анықталды. Бес адам ұсталды, деп жазады zakon.kz.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 2 қазанда белгісіз адамдар өңір тұрғынын газ қазандығына арналған қосалқы бөлшектерді сату және жеткізу сылтауымен алдаған. Нәтижесінде ер адам алаяқтардың шотына 20 млн теңге аударған.

Прокуратураның үйлестіруімен Іле ауданының полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізіп, бес күдіктіні анықтады.

"Істің негізгі екі фигуранты уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Алматы облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рүстем Абылханұлы.

Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция интернет арқылы сауда жасау кезінде қазақстандықтарды сақ болуға шақырады. Ведомство сатушыларды тексеруге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және қауіпсіз төлем тәсілдерін пайдалануға кеңес береді.

Бұған дейін Бас прокуратура қазақстандықтарды "Қазпошта" қызметкері болып танысып, азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысатын интернет-алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескерткен болатын.