Марапаттау рәсімі 29 наурызда Прагада өтеді және Skating ISU YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Фото: Сали Сабиров / ҰОК
«Үздік костюм» номинациясына қазақстандық Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ұсынылды. Ол сахналық образымен және бағдарламалық костюмдеріндегі детальдарға ерекше мән беруімен ерекшеленіп отыр.
Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2020 жылдан бері жыл сайын мәнерлеп сырғанау саласындағы айрықша жетістіктерге ерекше назар аударып келеді. Аталған іс-шара спортшылардың, жаттықтырушылардың, хореографтардың және костюм дизайнерлерінің еңбегін ескерусіз қалдырмау мақсатында ұйымдастырылып жүр. Алғашқы салтанатты шара пандемияға байланысты онлайн форматта өтті және оны Олимпиада мен әлем чемпиондары Танит пен Чарли Уайт жүргізді. Марапат иелері қатарында Курт Браунинг, Тара Липински, Джонни Уэйр және тележүргізуші Эльма Смит сияқты мәнерлеп сырғанау шеберлері болды.


