Агенттік шешіміне сәйкес, Айтқұловқа кез келген ресми турнирге қатысуға, жаттығу жасауға және теннис жарыстарына баруға тыйым салынды.
ERNUR.KZ. Қазақстандық теннисші Арсланбек Айтқұлов халықаралық деңгейде төрт жылға спорттан шеттетілді, деп жазады baq.kz.
21 жастағы спортшының сынамасынан заңсыз анаболикалық заттар табылған. Атап айтқанда, оның ағзасынан лигандрол және метилгексанамин анықталған. Бұл екі препарат та Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс бойынша қатаң тыйым салынған заттардың қатарына жатады.
Айтқұлов 2024 жылдың басында Дохада (Катар) өткен турнир кезінде тексерілген. Сол кезде алынған сынамада аталған допинг ізі табылды. ITIA 14 наурыз 2024 жылы спортшыға алдын ала хабарлама жіберіп, 16 наурыздан бастап уақытша шеттетті.
Агенттік шешіміне сәйкес, Айтқұловқа кез келген ресми турнирге қатысуға, жаттығу жасауға және теннис жарыстарына баруға тыйым салынды.
2025 жылдың 30 маусымында өткен онлайн тыңдауда тәуелсіз трибунал қазақстандық спортшыға төрт жылға дисквалификация беру туралы шешім шығарды. Жаза мерзімі 2028 жылдың наурызына дейін жалғасады.
Ойыншыға тыйым салынған заттардың шығу көзін дәлелдеуге уақыт берілді. Алайда ол бұл талапты орындай алмады. Сондықтан алғашқы ереже бұзушылық ретінде төрт жылдық шеттету жазасы тағайындалды, – делінген ITIA ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Қарағанды тумасы Арсланбек Айтқұлов 2023 жылдың қарашасында АТР рейтингінде ерлер арасындағы жекелей сында 1250-орынға дейін көтерілген. Оның кәсіби мансабында тапқан жалпы жүлде қоры 10,5 мың АҚШ долларынан сәл асады.