Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеудегі алғашқы матчта жеңіске жетті

0
114

Қазақстандық футболшылар келесі ойындарын 28 наурызда Украинаға, ал 31 наурызда Солтүстік Ирландияға қарсы өткізеді.


Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеудегі алғашқы матчта жеңіске жетті

ERNUR.KZ. Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2025/26 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің элиталық кезеңін сәтті бастап, алаң иелерін 2:0 есебімен тізе бүктірді, деп жазады stan.kz.

Матчтың 13-минутында Азамат Тұяқбаевтың дәл пасын ұтымды пайдаланған Абылайхан Төлеухан есеп ашып, командасын алға шығарды. Бірінші таймнан кейін қазақстандықтар басымдықты сақтап қалды.

Екінші таймда ойын тізгінін толық қолға алған отандастарымыз қарқынын үдете түсті. Нәтижесінде 66-минутта команда капитаны Азамат Тұяқбаев айып добын шебер орындап, есепті еселей түсті.

Қақпашы Шерхан Қалмұрза да сенімді ойынымен көзге түсіп, қарсыластардың бірнеше қауіпті соққыларына тосқауыл болды.

Осылайша Қазақстан құрамасы Румынияны сенімді түрде жеңіп, турнир кестесінде үш ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Дәл сондай ұпайы бар Украина құрамасы доп айырмасы бойынша екінші сатыда тұр.

Ал Румыния мен Солтүстік Ирландия құрамалары алғашқы турдан кейін ұпайсыз қалды.

Элиталық кезең матчтары 25–31 наурыз аралығында Румынияда өтіп жатыр. Әр топтың тек жеңімпазы ғана 2026 жылдың 28 маусымы мен 11 шілдесі аралығында Уэльсте ұйымдастырылатын Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Қазақстандық футболшылар келесі ойындарын 28 наурызда Украинаға, ал 31 наурызда Солтүстік Ирландияға қарсы өткізеді.