18 қараша күні “Таза Қазақстан” жалпыұлттық бастамасы аясында ағаш отырғызу экологиялық іс-шарасы өтті.
фото: stan.kz.
ERNUR.KZ. Nazarbayev University кампусындағы жаңа саябаққа студенттер мен Астана тұрғындары 500 түп ағаш отырғызды. Жаңа саябақ елордадағы жасыл желек аумағын кеңейтіп, қала тұрғындарының демалып, серуендеуіне қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Іс-шара басталғанға дейін саябақ аумағына 4500 түп ағаш отырғызылған, деп жазады stan.kz.
Жобаның негізгі идеясы – адам өміріндегі маңызды кезеңдерді табиғатқа қамқорлық жасаумен ұштастыру. Оған жас жұбайлар, жас ата-аналар және университеттің бірінші курс студенттері қатысты. Олар үшін ағаш отырғызу отбасының құрылуы, сәбидің дүниеге келуі немесе студенттік өмірдің басталуы сияқты жаңа өмір кезеңдерінің символына айналды.
Жаңа саябақтың ерекшеліктерінің бірі – әр ағашқа цифрлық паспорт беру. Арнайы сайтта әр ағаш пен оны отырғызған адам туралы ақпарат орналастырылады. Қатысушылар ағаштардың өсу барысын бақылап, топырақ пен судың жай-күйін бақылай алады. Сондай-ақ олар саябақтағы жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына қатыса алады.
Жаңа саябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады. Экологиялық жобаның мақсаты – табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жастарды қоғамға пайдалы істерге тарту және қоршаған ортаға ұзақ мерзімді қамқорлық жасауға ынталандыру.


