Ол орын алған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап ететінін айтты
фото: Sputnik / Санат Имангалиев
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" АҚ басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты бірқатар түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізіп жатқанын және жағдай президенттің бақылауында екенін айтты.
"Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды. Жақын арада "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі. Қор тобына кіретін барлық компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр", - деді Бектенов.
Ол орын алған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап ететінін айтты.
"Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейтуді қажет деп санаймын. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтіледі", - деді Бектенов.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады.


