Қазақстан чемпионатында жаппай төбелес болды

0
139

Жақын арада бұл оқиға Қазақстанның футзал қауымдастығының отырысында қаралады.


Қазақстан чемпионатында жаппай төбелес болды

фото: Казахстанская федерация футбола

ERNUR.KZ. Рудный қаласында футзалдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде жаппай төбелес болды, деп жазады sputnik.kz.
Бұл оқиға 10 қаңтарда болған. Рудныйдағы "AYAT FUTSAL ARENA" спорт кешенінде Оралдың "Бәйтерек" пен Жаңаөзен қаласының "БЖСМ-2" командалары кездескен. Батыстан келген жасөспірімдер 2:1 есебімен жеңді. Сол кезде ұтылған команданың бір ойыншысы қарсыласын бір ұрған. Содан жаппай төбелес басталып кетті. Жаңаөзендіктерге Маңғыстаудан келген "Ақшұқыр" командасының ойыншылары қосылды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше адамның бір балаға жабылғанын анық көруге болады. Ал ең соңында бәрі жан-жаққа тарай бастағанда қызыл жейде киген футболшының қарсыласын артынан теуіп жіберген.
Жақын арада бұл оқиға Қазақстанның футзал қауымдастығының отырысында қаралады. Ал тәртіптік және этикалық комитет өз шешімін шығарады.
Қостанай облыстық полициясы чемпионатта болған жанжалдан кейін арыз-шағым түспегенін хабарлады. Медициналық мекемелерден де дене жарақаттарын алу фактілері туралы хабарламалар түспеген.
"Аталған жағдай спорт нысаны қызметкерлерінің тарапынан жедел түрде тоқтатылып, төбелестің өршуіне жол берілген жоқ. Жарысты өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерін тарту туралы ақпарат полиция департаментіне түспеген", - дейді полицейлер.
Дегенмен төбелеске қатысушыларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесі жарысты ұйымдастырушылар тарапынан белгіленген тәртіппен қаралып жатыр.