Борис Подкорытов Қырғызстанда бірнеше рет "Жыл бапкері" атанып, аймақтағы ең табысты мамандардың бірі ретінде танылған.
Фото: 24.kg
ERNUR.KZ. Қырғызстандық белгілі футбол маманы Борис Подкорытов 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол Қазақстан мен Қырғызстан футболының дамуына сүбелі үлес қосып, клубтық деңгейде де, ұлттық құрамалар сапында да жемісті еңбек етті, деп жазады inbusiness.kz.
Борис Подкорытов 1993 жылы талдықорғандық "Қайнар" клубының тізгінін ұстады. Оның жетекшілігімен команда Қазақстан чемпионатының Жоғары лигасына жолдама алды. Келесі маусымда талдықорғандық ұжым ел біріншілігінің элиталық дивизионында алтыншы орын иеленіп, лайықты нәтиже көрсетті.
Кейін маман "Астана" клубында жұмыс істеді. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабына шақырылып, Құрбан Бердыевпен бірге Серік Бердалиннің көмекшісі қызметін атқарды.
2005 жылы Подкорытов қайтадан Қазақстан чемпионатына оралып, "Жетісу" клубының бас бапкері атанды. Алайда денсаулығына байланысты оның талдықорғандық командадағы қызметі ұзаққа созылған жоқ.
Осыдан соң еңбек жолын туған елінде жалғастырды. "Дордой-Динамо" клубын жаттықтырып, 2006 жылы Қырғызстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. 2008 жылы "Дордой" клубының бас директоры болып жұмыс істеді. 2011 жылы ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі болды.


