“Бақылау жеткіліксіз“: Бектенов “Самұрық-Энерго“ басшысының жұмыстан босатылуы туралы айтты

0
124

Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қоры Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы электр станцияларының жобаларын жүзеге асыру үшін шаралар қабылдауы тиіс.


“Бақылау жеткіліксіз“: Бектенов “Самұрық-Энерго“ басшысының жұмыстан босатылуы туралы айтты

Фото: samruk-energy.kz

ERNUR.KZ. Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов берді. Айта кетейік, кеше "Самұрық-Энерго" басшысы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды, деп жазады tengrinews.kz.

Бектенов Мемлекет басшысының бұл жобалардың елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңыздылығын және олардың іске асырылу барысын сынға алғанын еске салды. Премьердің айтуынша, Мақсұтовқа бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалған, алайда құрылыс мерзімдері мен жаңа қуаттарды іске қосуды бақылау жеткіліксіз болған.

"Энергетика министрлігі "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру, сондай-ақ мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша шаралар қабылдауы қажет", - деп тапсырды Үкімет басшысы.

Не болды?

Қайрат Мақсұтов 28 қазанда "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Тиісті шешімді "Самұрық-Қазына" қорының басқармасы қабылдады.

Үкімет бұл шешімді "компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыру қарқынының қанағаттанғысыздығымен", сондай-ақ жаңа генерациялаушы қуаттарды салу және іске қосу мерзімдеріне бақылаудың жеткіліксіздігімен түсіндірді. Мақсұтов компанияны 2023 жылдың маусымынан бастап басқарып келген еді.

Бұған дейін, шілде айында Бектенов Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" басшылығына Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын уақытылы іске қосу үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін ескерткен болатын.

Сол кезде премьер ЖЭО-3-тегі жұмыстың баяу жүріп жатқанын ерекше атап өтіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді.