Қазір “Брюгге” Чемпиондар лигасының турнирлік кестесінде 31-орында тұр.
Фото:”ҚПЛ”
ERNUR.KZ. Алматылық “Қайрат” Чемпиондар лигасы аясында өз алаңындағы соңғы ойынын Бельгияның “Брюгге” клубына қарсы өткізеді, деп жазады stan.kz.
“Брюгге” – Бельгияның кәсіби футбол клубы. Ол Батыс Фландрия аймағындағы Брюгге қаласының намысын қорғайды. Клуб 1891 жылы құрылған.
1970-жылдары команданы әйгілі аустриялық бапкер Эрнст Хаппель жаттықтырып, клуб тарихындағы ең табысты кезеңдердің бірін өткізді. Оның басқаруымен “Брюгге” 1976–1978 жылдары Бельгия чемпионатын үш рет қатарынан жеңіп алды. Сондай-ақ еурокубоктерде де жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, 1978 жылы УЕФА Чемпиондар кубогының финалына дейін жетіп, шешуші ойында “Ливерпульге” жол берді. Бұған дейін, 1976 жылы УЕФА кубогының финалында да дәл осы “Ливерпульден” жеңілген еді.
“Брюгге” Бельгияның 19 дүркін чемпионы, Бельгия кубогының 11 дүркін иегері және Бельгия суперкубогын 17 рет жеңіп алған клуб.
Қазір “Брюгге” Чемпиондар лигасының турнирлік кестесінде 31-орында тұр.
Ал “Қайрат” ең соңғы, 36-орынға жайғасқан. Сондай-ақ алматылық клуб 28 қаңтар күні сырт алаңда әйгілі “Арсеналға” қарсы ойнайды.
Жалпы, “Қайрат” Чемпиондар лигасындағы жорығында Кипрдің “Пафос” клубымен 0:0 есебімен тең ойнап, бір ұпайға ие болды. Ал қалған матчтарда “Спортингке” (1:4), “Реалға” (0:5), “Интерге” (1:2), “Копенгагенге” (2:3) және “Олимпиакосқа” (0:1) есе жіберді.


