Дастан Сәтпаев әлемдегі TOP-50 вундеркинд футболшы сапына енді

0
89

Мұндай рейтингті беделді Goal басылымы жасап отыр.


Дастан Сәтпаев әлемдегі TOP-50 вундеркинд футболшы сапына енді

Фото: Global Look Press

ERNUR.KZ. Олар қазақстандық шабуылшыны әлем футболындағы ең үздік 50 жас таланттың қатарына қосқан, деп жазады inbusiness.kz.

Дәлірек айтсақ, алматылық "Қайрат" футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев NXGN 2026 рейтингінде 43-орынға жайғасқан.

– Қазақстаннан шыққан ұлы футболшылардың есімі көпшіліктің ойына бірден келе бермейді. Десе де, Дастан Сәтпаев осы ұғымды өзгертіп, әлем жанкүйерлеріне өз елінен шыққан кем дегенде бір жұлдыз бар екенін дәлелдеуге жақын. "Қайрат" сапында жарқырай көрінген 17 жастағы шабуылшыға "Челси" қызығушылық танытып, оны жазда "Стэмфорд Бриджге" ауыстыру үшін 4 миллион еуро көлемінде келісім жасады, – дейді мақала авторы.

Редакция ұжымы Дастан Сәтпаевтың Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың бірі екенін естен шығармайды.

– Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардан Ансу Фати мен Ламин Ямаль ғана Сәтпаевтың алдын орап тұр. Сондай-ақ, ол Қазақстан ұлттық құрамасы тарихында ең жас дебютант әрі гол авторы атанған, – деп дерек келтіреді басылым.

Еске салайық, Goal нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік жас футболшыларының алғашқы үштігіне "Барселона" ойыншысы Ламин Ямаль, "Челси" өкілі Эстеван және тағы бір каталондық клуб қорғаушысы Пау Кубарси енген. Осы орайда, басылым Сәтпаевтың шеберлігіне де тоқталған.

– Ойын мәнері мен шабуылды аяқтау шеберлігі тұрғысынан оны Серхио Агуэроға ұқсатады. 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында ол 14 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Енді оның BlueCo жүйесіне өткеннен кейін жаңа деңгейге қалай бейімделетіні қызық, – деп қорытындыланған мақала.