21 жастағы қазақстандық спортшы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алып, елге жеңіспен қайтты.
Фото: ҰОК/ Сали Сабиров
ERNUR.KZ. Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы, қазақстандық Михаил Шайдоров Астанаға оралды, деп жазады tengrinews.kz.
21 жастағы қазақстандық спортшы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алып, елге жеңіспен қайтты. Елорданың әуежайында оны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Сахнада сөз алған чемпион қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Ақыры үйдемін. Кеш уақытқа қарамастан, қарсы алуға келген баршаңызға үлкен рақмет. Олимпиадада еліміздің көк туы ең биік тұғырда желбіреген сәтте мені ерекше мақтаныш кернеді. Маған қаншама жылы лебіз айтылды. Осындай құрмет пен сыйлықтар үшін алғысым шексіз. Шынымды айтсам, сөз табу қиын. Бұл қолдау - алға ұмтылып, елімді одан әрі танытуға үлкен мотивация. Баршаңызға рақмет!" – деді ол.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров 1994 жылдан бері қысқы Олимпиадада алтын алған алғашқы қазақстандық атанды және еліміздің мәнерлеп сырғанаудан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.
Чемпионды қарсы алу рәсімі 25 ақпанға қараған түні Астана әуежайында өтті. Терминалға жиналған жүздеген адам спортшыға құрмет көрсетіп, қуанышпен қарсы алды.


