Мұнайлы қаланың командасы үшін биылғы ҚПЛ ойындары сәтсіз өтуде.
Фото: olimpbet arena
ERNUR.KZ. 23 маусымда "Атырау" негізгі құрамдағы 11 ойыншымен келісімшартты бұзғанын ресми түрде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Командадан кеткен ойыншылар қатарында қақпашы Санжар Ерниязов, қорғаушылар Мирам Сапанов, Равиль Атыханов және Микаэль Аскаровтар бар. Сонымен қатар, жартылай қорғаушылар Роман Чирков, Амандық Нәбиханов, Сұлтан Сагнаев пен Заза Цицкишвили, шабуылшылар Шоқан Абзалов, Едіге Оралбай және Бақдәулет Зұлфиқаровтар да енді командада ойнамайды.
– Бірқатар футболшы өз мансабын басқа клубтарда жалғастырады. Олар клуб намысын қорғау барысында жанкештілік пен кәсібилігін көрсетті. Әрқайсысына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, болашақта табыс пен сәттілік тілейміз, – деп жазылған "Атырау" футбол клубының ресми хабарламасында.
Еске салайық бұған дейін "Атырау" футбол клубының бас менеджері командадан 8 ойыншының кететінін хабарлаған еді.
– "Атырау" футбол клубынан 8 ойыншы кетеді. Кеше жігіттермен сөйлесіп, алғыс айттық. Бәрін де назардан қалдырмаймыз. Клубсыз қалса, жұмысқа орналасуына көмек береміз, – деді ол.
Сондай-ақ, кеше Қуаныш Қабдолов "Атырау" футбол клубының жаңа спорт директоры болып келсе, жаңадан бірнеше ойыншы клуб құрамына қосылды.