Гардеробта немесе үй-тұрмыста пайдалы болатын 15 идея
Сурет: ЖИ
Бағалы аң терісінен тігілген тонға қызықпайтын әйел кемде-кем. Кейбірі армандап жүріп ақыры қол жеткізеді. Енді біреулер «Елден қалмай мен де кисем екен» деп, арзандау түрін болса да амалдап алып жатады. Бірақ сол тонның да тозатын, үлгісі ескіретін, сыймай қалатын не әбден жалығып, кигің келмейтін кезі келеді. Сонда да қымбат бұйым болғасын, қоштасу қиын. Міне, осы себептен көп әйелдің киім шкафында жылдар бойы ілініп, босқа орын алып тұрады. Не кие алмайсың, тастауға да обал.
Мұндай жағдайда бұйыммен толықтай қоштасу міндетті емес. Теріні басқа бұйымға айналдырып қолдануға болады. Әсіресе, табиғи, сапалы болса және үлкен бөлігі сақталған болса, қайта өңдеу өзін толықтай ақтайды.
1. Жеңсіз жеңіл жилет
Бүтін сырт киім ретінде кигіңіз келмейтін тонды өзгертудің бір жолы – қысқартылған жилет жасау. Ол үшін жеңдерін және ұзындығының бір бөлігін (қажет болса) алып тастайды. Содан кейін кесілген жерлерін өңдеп, теріні астармен қосады. Мүмкіндігінше үлгісін сәнді етіп өзгертуге, былғары белдікпен толықтыруға болады.
2. Кеудеше, жамылғы немесе палантин
Тонның бүтін арқасы немесе басқа да ірі бөлігі аксессуардың негізіне айнала алады. Қолөнер шеерлері теріден мойын мен кеуденің жоғарғы бөлігін жабатын кеудеше (манишка), шағын жамылғы және ұзын палантин жасайды. Бұл нұсқа тонның кей жерлері қатты тозған, бірақ зақымдалмаған үлкен бөліктері сақталған жағдайда қолайлы. Пішу кезінде ақауы бар аймақтарды айналып өту қиын емес.
Сондай-ақ, тері мен тоқыма матаны немесе трикотажды біріктіріп, екі жақты жылы снуд-шарф жасауға болады. Бір жағы жұмсақ тері, екінші жағы тоқыма болып, өте сәнді шығады.
3. Пальто немесе күртеге арналған жаға
Теріні тек жеке бұйым ретінде қолдану шарт емес. Оны басқа сырт киімді әрлеу үшін ауыстырып тігуге болады. Ескі тоннан батырмалы (кнопка), ілмекті шешілмелі немесе тұрақты тері жаға жасай аласыз. Осыған ұқсас тәсілмен материалды манжеттерге және сырткиімге сәндік жолақтар жүргізуге пайдаланады. Бұл терінің бір бөлігін сақтаумен қатар, пальто немесе күртенің сәнін жаңартуға мүмкіндік береді.
4. Қолғап пен муфта
Тонның жақсы сақталған бөліктерінен қолғап жасауға болады. Алдымен қолдың өлшемі бойынша картон үлгі (лекало) жасап, содан кейін оны материалға түсіреді де, бөлшектерін пішеді. Оларды алақанға қажетті орын қалдыра отырып, бір-бірімен қосады. Осы фрагменттерден муфта да жасауға болады. Муфта – қолғап орнына киетін, цилиндр пішінді әйелдер киімінің бір түрі.
5. Ескі тоннан жасалған сөмке
Теріден шағын немесе сыйымды сөмке тігуге болады. Алдымен болашақ аксессуардың пішінін анықтап, қағаз үлгі жасайды. Содан кейін бөлшектерді тігіске арналған шеттерін қалдыра отырып теріге түсіреді. Ішінен тығыз астар, бекіткіш және тұтқалар қойылады. Тұтқалар үшін былғары немесе терінің реңкіне сәйкес келетін басқа материал жарайды. Бірақ бұл нұсқа дәл пішуді және ұқыпты өңдеуді талап етеді, сондықтан тігіншіге тапсырған дұрыс.
6. Сөмкеге арналған салпыншақтар
Кішкентай көлемді, қалдық тері қиындыларынан шар тәрізді помпондар жасаса, өте сүйкімді көрінеді. Оларды сөмкеге, кілтке әшекей салпыншақ ретінде тағуға немесе тоқылған бас киімдердің төбесіне қадауға болады.
7. Тері құлақшын немесе берет
Ескі тонның жақсы сақталған бөліктерінен заманауи стильдегі құлақшын, берет немесе панама тігіп алуға болады. Мұндай бас киімдер қыста жылы әрі стильді көрінеді.
8. Етік немесе үйде киетін жылы тәпішке
Тонның ішкі жағы мен терісін пайдаланып, өте жылы етік (угги) немесе ұлтарағы теріден жасалған, үйге киюге жайлы тәпішке дайындауға болады.
9. Диван жастығы
Біраз киіп, қызығы басылған тонды қайтадан басқа киімге айнадырып кигіңіз келмеуі мүмкін. Алайда оны үй интерьеріне қолдансаңыз, әлі де көңіліңізге қуаныш сыйлай алуы әбден мүмкін. Мысалы, диванға арналған жастықшалар жасаңыз. Тонды пішіп, жастықша қабын тігіп, ішіне қандай да бір толтырғыш салып қойсаңыз, диванға отырғанда жастана кетуге өте жайлы бұйым шығады.
10. Жамылғы көрпе
Тоннан жамылғы жасасаңыз, өте жылы әрі жайлы болатынына күмән жоқ. Тек, материал жетсе болғаны. Бар болса, тағы басқа түрлі тон қиындыларымен араластырып, құрақ көрпе үлгісіндегі жамылғы жасай аласыз. Астарлық мата қоссаңыз, тіптен қатып кетеді. Бәрі де өз ұиялыңыздың ұшқырлығы мен қолыңыздың шеберлігіне байланысты. Дайын бұйымды диван мен креслоға арналған жапқыш немесе жамылғы көрпе ретінде пайдалануға болады.
11. Тері кілем
Ескі тоннан еденге төсеніш жасау да жақсы идея. Терінің ішкі жағын жоғары қаратып жайып, зақымдалған жерлерін алып тастай отырып, әлі де қажетке жарайтын тұстарын қиыңыз. Негізін зақымдап алмас үшін материалды тігістері бойынша пішуді ұмытпаңыз. Дайындалған фрагменттерді ойластырылған пішінге келтіріп жинап, тігіспен қосып шығыңыз. Тігіп болған соң, тегістелуі үшін тігістерді аздап ылғалдап, біраз уақытқа қалдыруға болады. Кілемді тіктөртбұрышты, сопақша, дөңгелек немесе басқа да күрделірек пішінде құрастыру өз еркіңізде. Оның көмегімен бөлме интерьері жаңарып, жаңғырып қалатыны анық.
12. Креслоға немесе орындыққа арналған жапқыш
Тонды орындық немесе креслоны безендіруге пайдалана аласыз. Материалды отырғыш немесе арқалық өлшемдері бойынша пішіп, шеттерін тігіп шығыңыз. Бекіту үшін резеңке немесе басқа да бекіткіштер қарастырыңыз. Жапқыш креслоға, орындыққа, терезе алды тақтайына немесе басқа жиһазға жарайды. Пішпес бұрын тері негізінің (мездра) қаншалықты сақталғанын ескеру қажет, өйткені үнемі пайдалану материалға жүктеме түсіреді.
13. Автокөлік орындықтарына қаптама
Қыста автокөлік орындықтары суық болады. Тонның бөліктерінен автокөлік орындықтарына арналған жылы жапқыштар жасауды ұсынамыз.
14. Үй жануарларына арналған төсеніш
Егер мысық немесе ит асырайтын болсаңыз, ескі тонның терісінен оларға өте жұмсақ, жайлы әрі жылы төсеніш дайындап беруге болады. Үй жануарлары мұндай жерде жатқанды өте жақсы көреді.
15. Көзе немесе стақан ұстағыш
Кішкентай қиындылардан ыстық шәйнек астына қоятын төсеме немесе термосқа арналған қаптама, қазан ұстағыш жасау сіздің ұқыптылығыңызды, үнемшілдік пен шеберлігіңізді көрсетеді.
Ескі теріні үйде қалай күтіп, жаңартуға болады?
Қайта өңдеуге кіріспес бұрын терінің сыртқы сұлбасын ретке келтіріп алған абзал. Жылдар бойы шкафта тұрған немесе тозған теріге екінші өмір сыйлаудың қарапайым лайфхактары бар.
Шаңнан тазалау және тарау
Теріні пішпес бұрын оны ақырын соққылап шаңын шығарыңыз немесе төмен қуатқа қойылған шаңсорғышпен (арнайы жұмсақ қондырмамен) тазалап алыңыз. Одан кейін арнайы сирек тісті щеткамен түгінің бағыты бойынша ақырын таралады.
Жылтырлығын қайтару
Теріге бұрынғы табиғи жылтырын қайтару үшін сірке суы қосылған ерітіндіні (1 ас қасық 9%-дық сірке суын 0,5 л суға араластырып) немесе лимон шырынын пайдалануға болады. Асханалық сорғышты осы ерітіндіге аздап малып, түктің үстінен сипап өтіңіз.
Астар бетін (терінің шелін) жұмсарту
Егер терінің ішкі былғары жағы кеуіп, қатайып кеткен болса, оған арнайы тері жұмсартқыш крем сатылады. Оны іздеп әур болу, сатып алуға шығындалу да шарт емес. Жұмыртқаның сарысы, глицерин және жылы су қоспасын жасап, сонымен майлап, созғылап жұмсартуға болады.
Кептіру
Теріні ылғалдандырғаннан кейін оны тікелей күн көзінен және батареядан алыс, бөлме температурасында толық кептіру қажет.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


