Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге 3 жүлде бар.
фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Қазақстандық таеквондошы Айым Серікбаева Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп жазады ulysmedia.kz.
2006 ЖЫЛДАН БЕРГІ АЛҒАШҚЫ АЛТЫН
44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда Мексика өкілі Понсе Нуньес Ширлиді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге 3 жүлде бар. Бұған дейін Ерасыл Ерзат (48 келіге дейін) пен Ислам Медетбай (55 келіге дейін) қола медаль иеленген болатын.
Айым Серікбаеваның бұл жетістігі – ұлттық таеквондо тарихындағы маңызды оқиға. Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде соңғы рет 2006 жылы ғана алтын медаль жеңіп алған еді. Осылайша, араға 20 жыл салып ел қоржынына алтын жүлде қайта түсті.
ЧЕМПИОНАТ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?
Айта кетейік, Айым Серікбаева бұған дейін Азия чемпионы атанып, жастар арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы ретінде танылған.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады.


