Технологияның басты артықшылығы – жұмысты ауқымды жер қазбай-ақ жүргізу мүмкіндігінде.
Шымкентте инженерлік инфрақұрылым көшені қазбай-ақ, заманауи технология арқылы жаңартылуда.
Бүгінде тозығы жеткен кәріз желілерін жаңарту барысында шетелдік Hebei HUANSHUI Pipe Industry Co., Ltd. компаниясының кеңінен қолданылып жүрген спиральді бұрау технологиясы пайдаланылуда. Бұл әдіс жол жабынын бұзбай және қалалық инфрақұрылымға зиян келтірмей ескі құбырларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Технологияның мәні – арнайы жабдықтың көмегімен қолданыстағы тозған құбырдың ішінен жаңа полимерлі құбыр қалыптастыру. Ол спиральді бұрау әдісі арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде инженерлік желілердің ұзақ жылдар бойы сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін берік әрі төзімді құрылым пайда болады.
Технологияның басты артықшылығы – жұмысты ауқымды жер қазбай-ақ жүргізу мүмкіндігінде. Бұл жол жабынын сақтауға, көлік қозғалысын шектемеуге және қала тұрғындарына келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс мерзімі едәуір қысқарып, абаттандыруды қалпына келтіру мен жер қазуға кететін шығын төмендейді.
Қазіргі таңда «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС мамандары технологияны қытайлық серіктестерден меңгеріп, іс жүзінде қолданып жатыр. Жергілікті мамандарды оқыту, тәжірибе алмасу және кәріз желілерін қайта жаңартудың заманауи әдістерін енгізу тұрақты жүргізіліп отырады.
Алдағы уақытта бұл технологияны Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту барысында кезең-кезеңімен кеңінен қолдану жоспарлануда. Заманауи траншеясыз әдісті пайдалану кәріз желілерінің сенімділігін арттырып, пайдалану шығындарын азайтуға және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.


