Мониторинг тобы мұндай жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама тапсырылуы тиіс екенін ескертті.
Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа жолдама беріледі. Жолданған азаматтардың айлық жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Яғни, бағдарлама қатысушысының айлығын жұмыс беруші емес, Еңбек мобильділігі орталығы төлейді.
Ол үшін ай сайын жұмыс беруші мекеменің кадр бөлімі бағдарламаға қатысушы адамның жұмыс күндері мен 8 сағаттық жұмыс режимін сақтағаны, функционалдық міндеттерін орындағаны туралы табельді Еңбек мобильділігі орталығына жолдап отырады. Осыдан кейін айлық жалақы төлемі жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа жолданған азаматтардың жұмыс орнында болуын бақылау мақсатында арнайы мониторинг бөлімі жұмыс істейді. Бұл жұмыстар ҚР Үкіметінің субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларына сәйкес, №275 бұйрық негізінде жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындарына мыналар жатады:
«Жастар практикасы»
«Қоғамдық жұмыс»
«Күміс жас»
«Алғашқы жұмыс орны
«Әлеуметтік жұмыс»
Шымкент қаласында жасөспірімдерге арналған уақытша қоғамдық жұмыстар.
2025 жылғы 14 шілдеге дейінгі мәліметке сәйкес, 1 445 мекемеге, 3 674 азамат жолданды. Оның ішінде: мониторинг негізінде 1024 мекеменің 2039 азаматы тексерілді. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары жолданған 816 мекемеге 1843 азамат жолданған.Нәтижесінде, 807 мекеменің 1828 азаматы тексерілді. Осыған орай, субсидияланатын жұмыс орындарын жолданған азаматтарға мониторинг жүргізу барысында, 1316 азаматтың жұмыс орнында болмағаны анықталып, 431 азаматтар жұмыстан шығарылды.
Мониторинг тобы Шымкент қаласындағы №35 жалпы орта білім беретін мектепке жолданған азаматтарға қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізді. Аталған мектепке:
«Жастар практикасы» бағдарламасымен – 4 жас маман,
Уақытша қоғамдық жұмыс бойынша – 5 жасөспірім жолданған.
Зерделеу нәтижесінде «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысушы 4 адамның үшеуі жұмыс орнында болғаны анықталды. Мектеп әкімшілігі бір қатысушының денсаулығына байланысты жұмысқа келе алмағанын мәлімдеді. Мониторинг тобы мұндай жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама тапсырылуы тиіс екенін ескертті.
Ал уақытша қоғамдық жұмысқа жолданған 5 жасөспірімнің ешқайсысы жұмыс орнында болмағаны анықталды. Бұл дерек бойынша арнайы АКТ толтырылды.