Қала намысын қорғаған медицина қызметкерлері бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болып, жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Шымкент қаласының медицина қызметкерлері республикалық спартакиадада жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есепте І орынға ие болды.
Қостанай қаласында медицина қызметкерлері арасында «Спорт нашақорлыққа қарсы» атты республикалық спартакиада өтті. Елдің 20 өңірінен келген командалар қатысқан дүбірлі додада денсаулық сақтау саласының мамандары спорттың бірнеше түрінен бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.
Спартакиаданың басты мақсаты – медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және спорт арқылы зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал ету. Жарыс барысында қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін ғана емес, ұйымшылдығы мен командалық рухын да көрсетті.
Шымкент қаласының командасы жарыста лайықты өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте чемпион атанды. Қала намысын қорғаған медицина қызметкерлері бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болып, жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, шымкенттіктер үстел теннисінен І орынға көтерілді. Тоғызқұмалақтан командалық есепте де үздік атанып, алтын медаль еншіледі. Ал қыздар арасындағы баскетболдың 3×3 форматында Шымкент командасы қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
Ерлер арасындағы баскетболдың 3×3 форматында қала командасы ІІ орынға ие болып, күміс жүлдені қанжығалады. Волейболдан сынға түскен медицина қызметкерлері де жүлдесіз қайтпай, ІІІ орыннан көрінді.
Спартакиададағы бұл нәтиже – Шымкент медицина қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығы мен командалық ұйымшылдығының айқын көрінісі. Күнделікті қызметінде адам денсаулығы мен өміріне жауап беретін медицина мамандарының салауатты өмір салтын өздері де ұстанып, оны ортада насихаттауының мәні зор.
Спорттық дода барысында әр команда өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланысын нығайтты. Мұндай жарыстар медицина қызметкерлерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, дене белсенділігін арттыруына және ұжымдық рухты қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Шымкенттік медицина қызметкерлерінің республикалық спартакиададағы жеңісі – табандылық пен жүйелі дайындықтың, ауызбіршілік пен командалық бірліктің нәтижесі. Олар осылайша спорт алаңында да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, туған қаласының мерейін үстем етті.


