Республикалық турнир Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубында ұйымдастырылуда
Шымкентте жасөспірімдер арасында кәсіпқой боксқа бағытталған WBC Amateur Kazakhstan республикалық турнирі өтіп жатыр.
2010–2011 жылы туған жас спортшылар қатысып жатқан жарыс жас боксшылардың шеберлігін шыңдап, болашағы бар спортшыларды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Турнирдің ашылу рәсіміне спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, спортшылар және федерация басшылығы қатысты. Жарыс барысында жас боксшылар өздерінің дайындығы мен спорттық шеберлігін көрсетіп, шаршы алаңда бақ сынауда.
Іс шара барысында Қазақстан Республикасы Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков пен Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Өтепбергенов жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс барысында жасөспірімдер арасында боксты кеңінен насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру және болашағынан үміт күттіретін дарындарды анықтау мәселелеріне басымдық берілетіні айтылды.
Республикалық турнир Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубында ұйымдастырылуда. Оған еліміздің әр өңірінен келген жас спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Жас боксшылар үшін мұндай жарыстар тәжірибе жинақтап, кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар турнир аясында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Кәсіпқой бокс федерациясының басшылығына жасалған жаңа тағайындаулар таныстырылады.
WBC Amateur Kazakhstan республикалық турнирі 20 қыркүйекте өз мәресіне жетеді. Жарыс қорытындысы бойынша жас спортшылардың нәтижелері сараланып, үздіктер анықталады.


