Биыл жазғы демалыспен жалпы 245 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған.
Шымкент қаласында балалардың жазғы сауықтыру науқаны басталды.
Бүгін «Ақсу» жазғы сауықтыру лагерінде алғашқы ауысымның ашылу салтанаты өтіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 оқушы демалысқа жол тартты.
Лагерьде балаларға шығармашылық және спорттық іс-шаралар, танымдық бағдарламалар мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Демалушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, күніне бес мезгіл тамақтану қарастырылған. Балалар тәжірибелі тәрбиешілер мен жетекшілердің бақылауында болады.
Айта кетейік, биыл жазғы демалыспен жалпы 245 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған. Оның ішінде 225 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 11 200 оқушы мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде анықталған сауықтыру орындарына және Оқушылар сарайына қарасты лагерьлерге жолдама алды.
Оқушылар Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы, сондай-ақ, Шымкент пен Кентау қалаларындағы «Ақсу», «Машат-Арасан», «Үркер», «Үш бұлақ», «Турбаза Қазығұрт» және «Көктөбе-1» лагерьлерінде тынығады.


