​Шымкенттен әскери техника Жамбыл облысындағы полигонға жөнелтілді

0
96

«Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы кешенді сипатқа ие және еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі оқу полигондарында өткізіледі.


​Шымкенттен әскери техника Жамбыл облысындағы полигонға жөнелтілді

«Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық аясында Шымкент гарнизонының 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қару-жарақ, әскери техника және жеке құрамды Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонына жауынгерлік даярлық іс-шаралары өтетін ауданға жөнелту жұмыстарын өткізді.

Дайындықтың алғашқы кезеңі қару-жарақ пен әскери техниканы теміржол платформаларына тиеуден басталды. Жұмыстар арнайы жабдықталған теміржол учаскесінде қауіпсіздік талаптары толық сақтала отырып жүргізілді. Әскери жүргізушілер жауынгерлік техниканы тиеу рампасынан теміржол платформаларына дәлдікпен орналастырып, кейін олардың әрі қарай тасымалдануы үшін сенімді бекітілуін қамтамасыз етті.
– Марш жасау – кез келген оқу-жаттығудың алғашқы кезеңі. Әскери техниканың теміржол платформаларына сапалы тиелуі мен сенімді бекітілуі оның жол бойындағы сақталуына және полигонда қойылған міндеттерді орындауға толық әзір болуына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл үдерісте әскери қызметшілердің кәсібилігі, тәжірибесі және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы аса маңызды, – деді 35748 әскери бөлімінің командирі подполковник Сергей Бибулатов.
Бөлім командирінің айтуынша, мұндай іс-шаралардың жас әскери қызметшілер үшін тәжірибелік маңызы зор. Олар тәжірибелі әріптестерінің іс-қимылын бақылай отырып, техниканы тиеу мен бекіту тәртібін меңгереді және кейін оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында қолданатын қажетті машықтарды игереді.
Белгіленген мерзімде ондаған бірлік әскери техника, оның ішінде танкілер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, көп мақсатты тартқыштар мен КамАЗ автомобильдері теміржол платформаларына тиеліп, сенімді түрде бекітілді. Келесі кезеңде техника жол бойында жауынгерлік күзетпен қамтамасыз етіліп, оқу-жаттығу өтетін ауданға жеткеннен кейін белгіленген тәртіппен түсіріледі.
Эшелон жолға шығар алдында әскери полиция өкілдері жеке құраммен қауіпсіздік талаптарын сақтау және теміржол құрамының қозғалысы кезінде іс-қимыл жасау тәртібі бойынша қосымша нұсқама өткізді. Бөлімшелерді тасымалдау аралас тәсілмен жүзеге асырылуда: теміржол эшелондары және жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарымен қозғалатын әскери автоколонналар арқылы.
«Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы кешенді сипатқа ие және еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі оқу полигондарында өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қазіргі заманғы жағдайларда қойылған міндеттерді орындауға әзірлік деңгейін тексеру. Оқу-жаттығу барысында әскерлерді қолдану, әскер түрлері арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру, сондай-ақ құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте күштерді бірыңғай жедел кеңістікте басқару мәселелері пысықталады.
Бөлісу