ERNUR.KZ. Шымкент қаласының Бозарық-3 шағынауданында өртке қарсы қызмет, жедел медициналық жәрдем және полиция бөлімшелерін бір орталыққа біріктірген заманауи әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев, сондай-ақ азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен сала қызметкерлері қатысты.
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен салынған жаңа кешен жедел қызметтердің шақырту орнына жету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Бозарық, Алтын Орда және Береке шағынаудандарында тұратын 17 380 тұрғынның қауіпсіздігі артып, төтенше жағдайларға ден қою тиімділігі күшеймек. Қызметтердің бір орталыққа шоғырлануы олардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, оқиға орнына жедел жетуге және тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға жол ашады.
Кешен аумағында №12 өрт сөндіру бөлімі, полиция бекеті және жедел жәрдем бригадасы орналасқан. Мұнда қызметкерлердің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау қызметі бекеті, оқу сыныбы, асхана, оқу-жаттығу мұнарасы мен спорт алаңы қарастырылған. Сондай-ақ екі арнайы техникаға арналған гараж және автотұрақ бар.


