Шымкентте ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған инттеллектуалды сайыс өтті

0
75

Сайыс қорытындысы бойынша білімділігімен, тапқырлығымен және белсенділігімен көзге түскен қатысушылар мен жеңімпаз топтар марапатталды.


Шымкентте ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған инттеллектуалды сайыс өтті

Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата-бабадан қалған асыл салт-дәстүрлерімізді жаңғырту және жастардың шығармашылық қабілетін қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға 7-9 сынып оқушылары, «Дәстүр мен таным» үйірмесінің мүшелері қатысты.

Шараға Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының маманы Ләззат Ретбекқызы қатысып, ұлттық салт-дәстүрлердің мәні мен маңызы, оларды жас ұрпақ тәрбиесінде дәріптеудің маңызы жөнінде сөз қозғады.
Мерекелік кеш қазақтың әуезді «Үкілі қыз» әнімен басталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бағдарлама барысында ұлттық дәстүрлерді танып-білуге арналған түрлі танымдық әрі ойын форматындағы тапсырмалар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, «Салтты тап?» кезеңінде экрандағы суреттер арқылы дәстүрлерді анықтау, «Қазақтың салт-дәстүрлері» бөлімінде бейнеролик тамашалау, «Білгенге маржан» кезеңінде ой қозғап, викториналық сұрақтарға жауап беру тапсырмалары ұсынылды. Сондай-ақ, қатысушылар «Мақал – сөздің мәйегі» логикалық ойынына қатысып, мақал-мәтелдерді жалғастырды.
Ұлттық ойындарға да ерекше мән берілді. «Пазлды құрастыр да, ұлттық ойынды тап», «Ойлан, тап» сияқты кезеңдерде оқушылар шапшаңдығы мен тапқырлығын сынады. Бұдан бөлек, қазақ халқының тұрмыс-салтындағы маңызды дәстүрлерді кеңінен танытатын «Сүйінші, бата» тақырыбында сахналық көрініс қойылды.
Шара барысында ұлттық өнер де назардан тыс қалмады. Қатысушылар Құрманғазының «Адай» күйін тыңдап, әндер орындады. Әсіресе, кеш соңында орындалған «Гүлдерайым» әні жиынға ерекше әсерлі көңіл күй сыйлады.
Сайыс қорытындысы бойынша білімділігімен, тапқырлығымен және белсенділігімен көзге түскен қатысушылар мен жеңімпаз топтар марапатталды.
Тағылымды шара ұлттық салт-дәстүрлерді жас ұрпаққа дәріптеп, олардың тарихы мен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Мұндай танымдық кездесулер арқылы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Бөлісу