Тұрғын үйлердің сапасын бақылау жұмыстары да тұрақты жүргізілуде.
Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қылышбекұлы 2026 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар мен жыл соңына дейінгі жоспарлар туралы мәлімдеді. 2026 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 66 нысанды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 32 тұрғын үй, 3 инженерлік инфрақұрылым нысаны және 31 әлеуметтік нысан бар.
Тұрғын үй құрылысы бағытында жыл соңына дейін жалпы көлемі 102 мың шаршы метр болатын 1 243 пәтерлі 32 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның 12-сі Тұран, 20-сы Бозарық шағын ауданында орналасқан. Сонымен қатар, 2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша 2 018 пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінде 720 пәтер сатып алынды, қалған 1 298 пәтерді жыл соңына дейін сатып алу жоспарланып отыр. Қаладағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша Бозарық шағын ауданында 2, Тұран шағын ауданында 1 нысанның құрылысы жүргізілуде. Үш нысанды да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Тұрғын үйлердің сапасын бақылау жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңда басқарма есебінде кепілдік мерзімі бар 175 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұл үйлердегі 9 226 пәтерді қамтиды. 2026 жылдың басынан бері 355 кемшілік анықталып, оның 348-і мердігер мекемелер тарапынан қалпына келтірілген. Қалған 7 кемшілік бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек, қаладағы апатты және ескірген тұрғын үйлерді жаңғырту бағытында жұмыстар атқарылуда. Шымкент бойынша 66 көпқабатты үйді кезең-кезеңімен сүріп, тұрғындарын жаңа тұрғын үйлермен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы әзірленіп, қайта бекітілді. 2026 жылы апатты деп танылған 13 үйдегі 114 пәтер тұрғындарын реновация бағдарламасы аясында көшіру жоспарланған. Еңбекші ауданында инвестор «B like» ЖШС тарапынан 5 жаңа тұрғын үй салынып, тұрғындар жаңа баспаналарға көшірілді. Қазіргі уақытта тағы 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қалған 4 үйді салу үшін инвесторлар іздестірілуде.


