Шымкентте өнеркәсіп пен инвестиция қарқыны күшейді

0
153

Қалада қосымша бес жаңа өндірістік алаң құру жұмыстары жүргізілуде.


Шымкентте өнеркәсіп пен инвестиция қарқыны күшейді

Шымкентте 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында өнеркәсіп пен инвестиция салаларында тұрақты өсім сақталып, өндіріс көлемі мен жаңа жобаларды іске асыру қарқыны артты.

Есепті кезеңде қала кәсіпорындары 817,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінде 709,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, сала қала өнеркәсібінің негізгі қозғаушы күшіне айналды.
Өңдеу өнеркәсібінің басым бағыттарында тұрақты өсім қалыптасты. Атап айтқанда, сусындар, химия, металлургия, машина жасау, дайын металл бұйымдары, резеңке және пластмасса өнімдері, құрылыс материалдары, тамақ, қағаз және фармацевтика өндірісі оң серпін көрсетті. Бұл кәсіпорындардың өндірістік әлеуетінің артып, жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік алғанын көрсетеді.
Қаладағы индустриялық аймақтар инвестиция тартудың негізгі орталығына айналып отыр. Жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын сегіз индустриялық аймақта 348 жоба жүзеге асырылып, 453,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 8 960 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндірістер кезең-кезеңімен іске қосылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар сауда-логистикалық орталығы кеңейтіліп, өндірістік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып келеді.
Қалада қосымша бес жаңа өндірістік алаң құру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Жұлдыз» индустриялық аймағын және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, металлургия саласына бағытталған жаңа «Темір» индустриялық аймағын қалыптастыру жұмыстары басталды.
Бөлісу