Қатысушыларға кибергигиена дағдыларын арттыруға бағытталған практикалық ақпарат ұсынылып, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап сессиясы өткізілді.
Шымкент қаласында «Киберқауіпсіздік күні: цифрлық гигиена және деректерді қорғау технологиялары» тақырыбында қалалық форум-семинар өтті.
Іс-шара «Көрме» көрме орталығының конференц-залында ұйымдастырылды.
Форумды Шымкент қаласының әкімдігі мен қалалық Цифрландыру басқармасы ұйымдастырды. Негізгі мақсат тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, кибергигиена мәдениетін қалыптастыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи шешімдерін таныстыру болды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, мемлекеттік сектордағы IT-мамандар және IT бағытында білім алып жүрген студенттер қатысты. Жалпы қатысушылар саны 100 - 150 адамды құрады. Форум барысында Қазақстандағы кибермәдениет, цифрлық гигиена, интернет-алаяқтықтан қорғану, киберқауіпсіздік аудиті, қаржылық қауіпсіздік және корпоративтік инфрақұрылымды қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жасанды интеллект дәуірінде пайда болып жатқан жаңа киберқауіптерге ерекше назар аударылды.
Іс-шараға ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Қатысушыларға кибергигиена дағдыларын арттыруға бағытталған практикалық ақпарат ұсынылып, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап сессиясы өткізілді. Сонымен қатар форум аясында киберқауіпсіздік бойынша интерактивті онлайн-квиз ұйымдастырылып, қатысушылар арасында жүлделер ойнатылды.


