Шымкентте ерекше балаларға үміт сыйлайтын «БАЛАУСА» орталығы ашылды

0
124

«Балауса» – тек әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме ғана емес, әр баланың бойындағы мүмкіндікті ашуға, олардың өмірге деген сенімін нығайтуға бағытталған ерекше орта.


Шымкентте ерекше балаларға үміт сыйлайтын «БАЛАУСА» орталығы ашылды

Шымкентте мейірім мен қамқорлыққа негізделген игі бастамалар жалғасып келеді. Қалада ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғаммен етене араласуына және жан-жақты дамуына бағытталған жаңа әлеуметтік нысан – «Балауса» балаларға арналған №11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмысын бастады.

Мирас шағынауданында орналасқан еңселі төрт қабатты ғимарат бүгінде жүздеген отбасы үшін үміт пен сенімнің мекеніне айналуда. Жалпы аумағы 2977,6 шаршы метрді құрайтын орталықта ерекше күтімді қажет ететін балаларға барлық қолайлы жағдай қарастырылған.
Мұнда психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған, 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталық бір мезетте 150 баланы қамтуға шақталған.
«Балауса» – тек әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме ғана емес, әр баланың бойындағы мүмкіндікті ашуға, олардың өмірге деген сенімін нығайтуға бағытталған ерекше орта.
Мұнда балаларға әлеуметтік, медициналық, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетіліп, олардың шығармашылық қабілеті мен өмірлік дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
Орталықта 122 әлеуметтік маман қызмет етеді. Әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, балалардың жарқын болашағы үшін еңбек етуде. «Балауса» орталығының ашылуы Шымкентте әлеуметтік қолдаудың жаңа мәдениеті қалыптасып келе жатқанын айқын аңғартады. Мұндай бастама ерекше балаларға тек көмек көрсету емес, олардың болашағына жол ашып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде дамуына мүмкіндік береді.
Бөлісу