Әрбір науқасқа қатысты нақты ұсынымдар беріліп, ата-аналарға балаларын тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы түсіндірілді. Олардың АРВ терапиясының мәнін жақсы түсінуі үшін арнайы ақпараттық материалдар ұсынылды.
2025 жылдың 21 шілдесінде Шымкент қаласында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары «Ана мен бала» реабилитациялық орталығымен бірлесіп, АИТВ-ның оң мәртебесі бар балалардың денсаулығына арналған маңызды консилиум өткізді.
Жиынның басты тақырыбы – балалардың антиретровирустық (АРВ) терапияға бейімділігі және оны сақтау жолдары болды.
Консилиум барысында дәрігер-инфекционист Эльмира Иманғалиева АИТВ-мен өмір сүретін балаларға өмірлік маңызы бар АРВ терапиясын дұрыс тағайындау, бағалау және жүйелі түрде мониторингілеу мәселелерін кеңінен түсіндірді. Ол әрбір клиникалық жағдайды «Ана мен бала» орталығының мамандарымен бірге талдап, ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсетті.
Мамандар атап өткендей, вирустық жүктемесі жоғары әрі АРВ терапиясына бейімділігі төмен балаларда препараттарға төзімділіктің даму қаупі өте жоғары. Бұл жағдай үздіксіз ем жүргізілмеген жағдайда балалардың денсаулығы мен өміріне елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан да дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдау, емді үзбеу және жүйелі бақылауда болу – басты талаптардың бірі.
Әрбір науқасқа қатысты нақты ұсынымдар беріліп, ата-аналарға балаларын тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы түсіндірілді. Олардың АРВ терапиясының мәнін жақсы түсінуі үшін арнайы ақпараттық материалдар ұсынылды. Сонымен қатар, консилиум барысында балалардың иммунитетін сақтау, ауыр инфекциялардың алдын алу жолдары, ата-аналарға тұрақты түрде кеңес беру тетіктері қарастырылды.
– «Балаларда АИТВ-ны диагностикалау және емдеу хаттамаларын қатаң сақтау – олардың денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Әсіресе АРВ терапиясына бейімділікті арттыру бағытындағы жүйелі жұмыс біздің ортақ міндетіміз болып табылады», – деп қорытындылады инфекционист-дәрігер Эльмира Иманғалиева.
Бұл жиын – ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. Медициналық мамандардың айтуынша, балаларға көрсетілетін уақтылы көмек пен ата-аналардың жауапкершілігі арқасында АИТВ-ның балалар денсаулығына тигізетін салдарын барынша азайтуға болады.