ШЫМКЕНТ: Тұран ауданында тұрғындардың өзекті мәселелері талқыланды

0
89

Тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар мәселе көтерілді.


 ШЫМКЕНТ: Тұран ауданында тұрғындардың өзекті мәселелері талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында Жаңаталап шағынауданы, Абай даңғылы бойындағы тұрғындар, сондай-ақ Ақжар және Ақтас-2 тұрғын алаптарының өкілдері абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым, көлік және коммуналдық қамтамасыз етуге қатысты мәселелерін жеткізді.
Тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, жер қатынастары, тұрғын үй сертификаттарын алу, газға қосылу, ағын сумен қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды шығару және жасыл желектерді күтіп-ұстау мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар ауданда әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігіне назар аударылды. Жаңаталап шағынауданында мектеп пен спорт кешенін салу мәселесі көтерілсе, Ақжар тұрғын алабында Мәдениет үйі мен балалар ойын алаңын салу ұсынылды.
Кездесу кезінде қоғамдық көліктің қатынау жиілігін арттыру, қосымша бағдаршамдар орнату және білім беру нысандарының маңында жаяу жүргіншілер өткелдерін ұйымдастыру жөнінде де ұсыныстар айтылды.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі кездесу барысында қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша жауапты басқармалар айқындалып, оларды шешу бағыттары белгіленді.
Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдігіне тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы халықты тұрақты хабардар етіп отыруды тапсырды.
Бөлісу