Шымкент спортшылары биыл 1000-нан астам медаль жеңіп алды

0
111

Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Шымкенттен 1224 спортшы өнер көрсетуде.


Шымкент спортшылары биыл 1000-нан астам медаль жеңіп алды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент спортшыларының 2026 жылдың алғашқы бес айындағы жетістіктері баяндалды.

Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 1036 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 357 алтын, 334 күміс және 345 қола медаль бар. Сонымен қатар халықаралық ареналарда да шымкенттік спортшылар жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Азия чемпионаттарында 85 медаль иеленсе, әлем чемпионаттарында 17 жүлдені еншіледі.
Халықаралық жарыстардағы жарқын жетістіктердің бірі – нысана көздеуші София Шульженконың Азия чемпионатында әлемдік және азиялық рекордтарды жаңартуы болды. Сондай-ақ каратэші София Берульцева халықаралық рейтингтік турнирде алтын медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет халықаралық турнирдің жеңімпазы атанса, белбеу күресі, таеквондо, байдарка және каноэ есу, шахмат, дзюдо секілді спорт түрлерінде де шымкенттік спортшылар жүлделі орындардан көрінді.
Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Шымкенттен 1224 спортшы өнер көрсетуде. Оның ішінде ересектер құрамасында – 440, жастар құрамасында – 407 және жасөспірімдер құрамасында 377 спортшы бар.
Алдағы уақытта қала спортшылары Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Жапонияда ұйымдастырылатын ХХ жазғы Азия ойындарына қатысуға дайындалуда. Азия ойындарына Шымкенттен спорттың 21 түрі бойынша 50-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, халықаралық жарыстардағы жоғары көрсеткіштер мен спорт инфрақұрылымының дамуы Шымкенттің еліміздің жетекші спорт орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсуде.
Бөлісу