​ШЫМКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАР ӨТКІЗУГЕ ДАЙЫН

0
142

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан халықаралық талаптарға толық сай заманауи спорт кешеніне айналды.


​ШЫМКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАР ӨТКІЗУГЕ ДАЙЫН

2026 жылдың басты жарыстарының бірі – XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы. Дәстүрлі халықаралық турнир 30 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Биылғы жарысқа Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Жапония, Филиппин, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Египет мемлекеттерінен 800-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Алдағы уақытта Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Бұл жарысқа 2000-нан астам спортшы мен ресми өкілдердің қатысуы күтілуде. Мұндай ауқымды дода қаланың халықаралық спорт орталығы ретіндегі беделін арттырып қана қоймай, туризм саласының дамуына да үлкен серпін береді.
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан халықаралық талаптарға толық сай заманауи спорт кешеніне айналды. Бұл игі бастама қаламыздағы спорт саласының дамуына жаңа серпін беріп, жеңіл атлетика мен бұқаралық спорттың өркендеуіне кең мүмкіндік ашып келеді.
Стадионның жеңіл атлетика инфрақұрылымы толықтай жаңартылып, халықаралық стандарттарға сәйкес қайта жабдықталды. Атап айтқанда:
* 8 жолақты жаңа жүгіру жолағы салынды;
* сапалы көк түсті тартан жабыны төселді;
* ескі жүгіру жолдары толық алынып, халықаралық сертификатталған жаңа жабын орнатылды;
* көрермендерге арналған орындықтар жаңартылды;
* заманауи LED-экрандар, борттық экрандар мен мониторлар орнатылды.
Сонымен қатар жеңіл атлетикаға арналған жаңа инвентарьлар сатып алынды. Оның ішінде биіктікке секіру, сырықпен секіру, кедергілер арқылы жүгіру секілді олимпиадалық дисциплиналарға қажетті құрал-жабдықтар бар.
Жобаны қаржыландыру демеушілер есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс материалдарының басым бөлігі де демеушілердің қолдауымен қамтамасыз етілді.
Стадионды жаңғырту нәтижесінде мегаполисте халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік туды.
Бөлісу