Мұндай тәжірибе алмасу жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, алдағы уақытта күрделі оталарды Шымкентте тұрақты жасауға мүмкіндік береді.
Шымкент қалалық көпбейінді онкологиялық орталығында алғаш рет ұйқы безіне лапароскопиялық панкреатодуоденальды операция сәтті орындалды. Бұл – онкохирургиядағы ең күрделі әрі жоғары технологиялық оталардың бірі.
Жаңа әдісті өңірде енгізу мақсатында Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медицина орталығынан тәжірибелі онкохирургтер арнайы келіп, шеберлік сабағын өткізді.
Лапароскопиялық панкреатодуоденальды операцияның ерекшелігі – дәстүрлі ашық тілік жасалмайды. Ота бірнеше шағын тесік арқылы арнайы лапароскопиялық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл тәсіл ісікті дәл әрі қауіпсіз алып тастауға мүмкіндік беріп, операциядан кейінгі ауырсынуды азайтады және науқастың тезірек қалпына келуіне ықпал етеді.
Шеберлік сабағы аясында Ұлттық ғылыми медицина орталығы хирургия бөлімінің жетекшісі, жоғары санатты хирург Әнуар Әбдікәрімов жергілікті мамандармен тәжірибе алмасып, заманауи хирургиялық әдістерді тәжірибе жүзінде көрсетті. Бағдарлама барысында қатерлі ісікке шалдыққан үш науқасқа лапароскопиялық операция жасалды.
Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, алдағы уақытта күрделі оталарды Шымкентте тұрақты жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қала тұрғындары басқа өңірлерге бармай-ақ, жоғары технологиялық медициналық көмекті Шымкенттің өзінде ала алады. Бұл онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттырып, пациенттердің уақтылы әрі сапалы ем алуына жол ашады.


