Шымкент қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысының сөзін тікелей эфирден ұжым болып тамашалау ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.
Іс-шараға Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам өкілдері және еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты.
Шымкент қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысының сөзін тікелей эфирден ұжым болып тамашалау ұйымдастырылды.
Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында биылғы Жолдаудың айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Ол Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы тәуелсіздікке қол жеткізу және мемлекеттілікті нығайту жолындағы маңызды кезең болғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл халықтық қолдауға ие болған жаңа Конституцияның қабылдануына да ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы бұл қадам елдің саяси жүйесін ауқымды жаңартуға және биліктің жаңа институттарын қалыптастыруға негіз болатынын айтты.
Жолдауда Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған міндеттерді белгіледі. Басым бағыттардың қатарында Салық кодексін жетілдіру, инфляцияны тежеу, ең төменгі жалақыны арттыру және шағын әрі микробизнесті қолдау, соның ішінде тексерулерге мораторий енгізу ұсынысы бар.
Президент, сонымен қатар, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау және жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігін атап өтті. Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Алатау қаласында инвестициялық сот құру ұсынылды.
Жолдауда инфрақұрылымды жаңарту мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке сұранысқа ие әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салу мен жаңартудың ауқымды жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы мақсаттарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Президент 2027 жылды Жаппай құрылыс жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының айтуынша, келесі жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар басталады.
«Жаңа тарихи кезеңге қадам баса отырып, біз бүкіл азаматтық инфрақұрылымды салуға және жаңартуға кірісеміз. Алдағы бірнеше жылда құрылыс қарқыны барлық өңірді қамтиды.
Біз автомобиль жолдарын, өнеркәсіптік және энергетикалық нысандарды, теміржолдарды, көпірлерді, инженерлік желілерді, гидротехникалық құрылыстарды, мектептерді, ауруханаларды, спорт кешендерін және, әрине, мәдениет нысандарын саламыз.
Заманауи инфрақұрылым құрылысы ондаған жаңа өндіріс орнын ашумен және, ең бастысы, халықтық цифрлық экономиканы дамытумен тығыз байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қабылданып жатқан шаралар мен жаңа бастамалар елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасауға және азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Жолдаумен танысу қорытындысы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басшыларға Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруды қамтамасыз етуді және оларды орындауға қажет шаралар қабылдауды тапсырды.


