Бүгінде Бозарық шағынауданында заманауи спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен өткізген көшпелі кездесу барысында қала аумағында бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері қаралды.
Кездесу барысында бірқатар шағынаудандардың тұрғындары спорттық нысандарға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, Бозарық шағынауданының тұрғыны Нұрлан Уткелбаев ауданда спорт кешенінің жоқ екенін атап өтті. Азат шағынауданының тұрғыны Мақсат Тоғызбаев та өз ауданында заманауи спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданының тұрғыны Қарлығаш Рахиева Орталық саябақта спорттық іс-шаралар өткізу қажеттігін айтты.
Қала басшысы бұл ұсыныстарға назар аударып, тиісті тапсырмаларды Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына, сондай-ақ аудан әкімдіктеріне жүктеді.
Бүгінде Бозарық шағынауданында заманауи спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба мақұлданған соң құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Азат шағынауданында спорт кешенін салуға арналған жер телімін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Орталық саябақта шахматтан қалалық турнир өткізу жоспарланып отыр. Аталған іс-шараға түрлі жастағы қала тұрғындары мен ардагерлер қатысып, зияткерлік бәсекеде бақ сынайтын болады.