​Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр

0
152

Бүгінде мегаполистен 160-қа жуық азамат Шекара қызметінің бөлімшелеріне аттанды.


​Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр

1 қыркүйектен бастап 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және жеке әңгімелесуден өтуде. Биыл күзде Шымкент қаласынан 1300-ден астам ер азаматты әскерге шақыру жоспарланған.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев мәлімдеді.

Алдымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Одан кейін Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері толықтырылады.
Бүгінде мегаполистен 160-қа жуық азамат Шекара қызметінің бөлімшелеріне аттанды. Тағы 160-қа жуық жас азамат конституциялық борышын өтеу үшін Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының бөлімдеріне жіберілді. Олардың барлығы шақыру комиссиясының отырысынан өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылды.
Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, әскерге шақыру науқанын жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Ал шақыру комиссиясына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары төрағалық етеді.
– Әскерге шақыру науқаны бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар медициналық тексеру нәтижелеріне, кәсіптік-психологиялық іріктеуге, денсаулық жағдайы мен дайындық деңгейіне қарай әскери қызмет түрлеріне бөлінеді. Сонымен қатар заңнамада азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде берілетін жеңілдіктер қарастырылған. Әскери қызметті аяқтағаннан кейін жастар қосымша артықшылықтарға, оның ішінде білім беру гранттарына ие бола алады, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Сонымен қатар брифинг барысында полковник Әбдіғабит Шегебаев көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысын жариялады. Оның нәтижесінде Шымкент қаласынан Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 1200-ге жуық азамат жіберілген.
– Әскери қызметшілерге бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.
Олардың қатарында 14 айға кредиттік демалыс беру, яғни әскери қызмет өткеру кезеңіне 12 ай және қызмет аяқталғаннан кейінгі 2 ай мерзімге несие төлемдерін кейінге қалдыру;
ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі;
Жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алу;
Әскери қызметтен запасқа шығарылғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар;
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызмет міндеттерін орындауы кезіндегі кепілдіктерді көздейтін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-1-бабына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алуға байланысты және «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті бюджет қаражаты есебінен жұмсалған, білім алуға байланысты шығыстарды өтемей тоқтатуға құқығы бар, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары әскерге шақырылу жасындағы азаматтарға әскери қызмет әр азаматтың заңмен белгіленген міндеті екенін тағы бір мәрте еске салды.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, дәлелді себепсіз шақыру бойынша келмегені үшін айыппұл қарастырылған. Ал медициналық куәландырудан өтуден жалтарған жағдайда ескерту немесе айыппұл салынады. Заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметтен жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай жағдайда айыппұл салу, түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін, – деді ол.
Шымкент қаласындағы күзгі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Барлық іс-шара Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Шақыру қағаздары азаматтарға тұрғылықты немесе жұмыс орны бойынша жеткізіледі, сондай-ақ 1414 сервисінен SMS-хабарлама арқылы жолданады. Әскери қызметтен кейінге қалдыруды немесе босатуды жергілікті атқарушы органдар арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады.
Кейінге қалдыруды ұсыну процесі толығымен автоматтандырылған. Бұған дейін қағаз түріндегі анықтамаларды ұсыну талап етілсе, қазір студенттер туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық базаларынан тікелей беріледі. Шетелде білім алып жатқан азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы студент ретінде тіркеле алады.
Бөлісу