Бас прокуратура iPhone 18 смартфонына құмартып жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады

0
232

​Алаяқтар алдын ала тапсырыс рәсімделгенін айтып, ақша ұрлайды.


Бас прокуратура iPhone 18 смартфонына құмартып жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қазақстанның Бас прокуратурасы iPhone 18 смартфонына қатысты жаңа алаяқтық схемасы пайда болғанын айтып, дабыл қақты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл қауіп туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы хабарлап отыр.

Дереккөзге сүйенсек, алаяқтар iPhone 18 туралы ақпарат іздеп, қызыққан адамдарға «алдын ала тапсырыс жасалғаны туралы» жалған ақпарат жібереді.

«Алаяқтар Apple компаниясының атынан iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс берілгені туралы жалған хабарлама жібереді. Егер телефон керек жоқ болса, онда «қолдау қызметіне» қоңырау шалу керегін ескертеді. Бірақ, ол қоңырау Apple компаниясына емес, алаяқтарға апарады», - деп хабарлайды прокуратура.

Осылайша, телефонның ар жағындағы алаяқ «телефоннан бас тарту» үшін адамның құпия мәліметтерін алып, ары қарай ақшасын шешуге әрекет етеді.

«Жаңа телефонға қатысты тағы бір алаяқтық бар. Алаяқтар азаматтарды алдап, телефонды алдын ала әрі тиімді бағада брондауға болады деп қуантады. Осы эмоция кезінде адамға сілтеме жіберіп, банк картасының дерегі мен оның құпия сөзін сұрап алады», - деп хабарлайды Бас прокуратура.

Сондықтан құзырлы орган жаңа телефонға құмартып жүрген қазақстандықтарды сақтыққа шақырып, күдікті сілтемелерге өтпеуді ескертіп отыр.