ШЫМКЕНТ: қала әкімі тұрғын үй, қоғамдық көлік және жол инфрақұрылымы нысандарының жайымен танысты

0
89

Жобаларда көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді жарықтандыру, орындықтар орнату, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау қарастырылған.


ШЫМКЕНТ: қала әкімі тұрғын үй, қоғамдық көлік және жол инфрақұрылымы нысандарының жайымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында 30 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан баспаналар Отбасы банктің «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары аясында берілді. Жаңа пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен бюджеттік сала қызметкерлері бар.
Сонымен қатар қала әкімі «Радуга-транспорт» және «Түркістан көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жеткізілген 50 жаңа автобустың техникалық жағдайымен және желіге шығуға дайындығымен танысты. Жақын уақытта автобустар №126, 104, 60, 12, 35, 92, 103 және 135 бағыттарында қатынай бастайды.
Жыл соңына дейін тасымалдаушылар жалпы 192 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Жылжымалы құрамды жаңарту ескірген автобустарды кезең-кезеңімен алмастыруға, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін Абай ауданындағы Асар-2 және Достық шағынаудандарында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылып жатқан екі қоғамдық кеңістіктің құрылыс барысы тексерілді.
Жобаларда көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді жарықтандыру, орындықтар орнату, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау қарастырылған. Мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындардың жайлы демалысына қажетті жағдайларды толық қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Тұран және Әл-Фараби аудандарында А-2 айналма жолын қайта жаңғыртудың V кезеңі мен Қонаев даңғылы жалғасының V кезеңіндегі құрылыс жұмыстарының барысы қаралды.
Қала әкімі мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын сақтап, бекітілген кестеден кешікпей, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Бөлісу