ШЫМКЕНТ: қала әкімі тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым және жол құрылысы нысандарын аралады

0
73

Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында нысанда желдету жүйесімен жабдықталған жабық қабылдау боксын салу көзделген.


ШЫМКЕНТ: қала әкімі тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым және жол құрылысы нысандарын аралады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты.

Бозарық шағынауданында орналасқан баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында берілді. Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған жанұялар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтар бар.

Аралау барысында Отырар шағынауданында жылу желілерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді. Жылыту маусымына дайындық аясында қала бойынша жалпы ұзындығы 18,5 шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарланған. Жауапты мекемелерге жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, жол жабындысы мен іргелес аумақтарды толық қалпына келтіру тапсырылды.
Сонымен қатар Еңбекші ауданындағы Исраилов көшесін қайта жаңғырту және Қарабастау шағынауданындағы жол құрылысы жұмыстарының орындалу барысы зерделенді. Мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз етіп, бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтау міндеттелді.
Бұдан бөлек «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС жүзеге асырып жатқан сұйық тұрмыстық қалдықтарды қабылдау станциясының құрылысы қаралды. Жоба орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлер мен өзге де нысандардан келетін ағынды суларды қабылдап, оларды тазарту құрылыстарына жеткізуге бағытталған.
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында нысанда желдету жүйесімен жабдықталған жабық қабылдау боксын салу көзделген. Бұл шешім жағымсыз иістің таралуын төмендетуге мүмкіндік беріп, қаланың су бұру жүйесінің сенімділігін арттыруға және санитарлық-экологиялық талаптардың сақталуына ықпал етеді.
Бөлісу