​ШЫМКЕНТ: Болашақ – әскер қатарынан басталады

0
163

Бұл — Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан, әскери қызмет кезінде тәртіп пен жауапкершілік танытқан сарбаздарды қолдауға бағытталған бастама.


​ШЫМКЕНТ: Болашақ – әскер қатарынан басталады

2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 жігіт мемлекеттік білім беру грантының иегері атанып, еліміздің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл — Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан, әскери қызмет кезінде тәртіп пен жауапкершілік танытқан сарбаздарды қолдауға бағытталған бастама.

Сол сарбаздардың жарқын үлгісі – запасқа шыққан қатардағы жауынгер Жанболат Еспен. Ол әскерге дейін Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының бірінде инспектор болып жұмыс істеген. Мерзімді әскери қызметті сәтті өтеп, жағымды мінездеме алған сарбаздар ҰБТ балынсыз-ақ университетке түсе алатынын естіген Жанболат бұл мүмкіндікті жібермей, мемлекеттік грант иесі болуды өзіне мақсат етіп қойған.
Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен Жанболат өзіне жүктелген міндеттерді адал орындап, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бағдарламасын жоғары деңгейде меңгерді. Қызмет барысында бірнеше рет Астана қаласына іссапарға барып келді. Оның табандылығы мен жауапкершілігі бөлім басшылығы тарапынан жоғары бағаланды.
12 айлық әскери қызметін абыроймен аяқтағаннан кейін, «Көктем – 2024» шақырылымының үздік сарбаздар қатарына кірген Жанболат Еспен мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл қуанышты жаңалықты ол бірден анасы Гүлжаухар Сарсембаеваға жеткізіп, анасының ұлына деген мақтаныш пен шексіз алғысын алған.
Қазір Жанболат туған қаласы Шымкентке оралып, «МИРАС» университетіне құжаттарын тапсырып, оқуын бастауға дайындалып жүр. Әскерден запасқа шыққан соң, ол Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандары бойынша біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқармасына барып, әскери қызмет пен мемлекеттік грантқа қол жеткізудегі жолымен бөлісті.
Аталған басқарма бастығының орынбасары, майор Ердәулет Темірбаев:
– Жанболаттың жетістігі – әскердің ерлік мектебі ғана емес, болашаққа апарар нақты баспалдақ екенін көрсететін жарқын мысал. Оның жолы – Шымкент жастары үшін үлкен шабыт, – деп атап өтті.


Бөлісу