43 жылдан кейін Шымкенттегі өрт сөндіру бөлімі жаңарды

0
92

Іргелес аумақта спорт және воркаут алаңдары, демалыс аймағы, автотұрақ пен екі автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы салынды.


43 жылдан кейін Шымкенттегі өрт сөндіру бөлімі жаңарды

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың қатысуымен жаңартылған №7 өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсімі өтті.

1983 жылы салынған ғимаратта бөлмелердің өзгертіліп, ішкі әрлеуі мен қасбеті жаңартылды. Өрт сөндірушілердің демалысы мен күнделікті тұрмысына арналған қосымша бөлмелер салынды. Қазір мұнда тәулік бойы қызмет атқаруға қолайлы жағдай жасалған.

Ғимараттың тарихы ерекше. Бастапқыда ол ауыл шаруашылығы техникасына арналған шеберхана ретінде пайдаланылған. 2014 жылы өрт сөндірушілердің қарамағына берілгенімен, ғимарат толыққанды қызмет атқаруға бейімделмеген еді. Арада жылдар өткен соң мұнда жаңа жатын және қызметтік бөлмелер, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен қоймалар жабдықталды.

Іргелес аумақ та абаттандырылды. Мұнда спорт және воркаут алаңдары, демалыс аймағы, автотұрақ пен екі автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы салынды. Қайта жаңғырту жұмыстары алты айға созылып, 2026 жылғы қыркүйекте толық аяқталды.

№7 өрт сөндіру бөлімі Шымкент қаласының Еңбекші ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады. Бөлімшені жаңарту күн сайын өрт сөндіруге шығатын, адамдарға көмек көрсетіп, адам өмірін құтқаратын қызметкерлер үшін лайықты жағдай жасау жолындағы тағы бір қадам болды.

Бөлісу