Дүниежүзілік банк Қазақстанның жасыл жобаларына 650 мың доллар бөлді

0
96

Қазақстан Анталияда өтіп жатқан СОР31 халықаралық конференциясы аясында көміртегі шығарындыларын азайту стратегиясына қатысты жол картасын таныстырды.


Дүниежүзілік банк Қазақстанның жасыл жобаларына 650 мың доллар бөлді

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанның бұл бастамасы Орталық Азиядағы алғашқы кешенді жобалардың бірі болып саналады, деп жазады inbusiness.kz.

COP31 конференциясының екінші күні ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Даму жөніндегі көпжақты банктер ұйымдастырған "Климаттың өзгеруі саласындағы іс-қимылдарды көпжақты банктердің бірлесіп қолдауы: саясаттан бастап қаржыландыру мен іске асыруға дейін" атты іс-шараға қатысты.

Екінші күннің маңызды оқиғаларының бірі – министрдің БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының (БҰҰ КӨНК) ресми сайд-ивентіне – "Елдердің бастамасымен жүзеге асырылатын климаттық іс-қимылдарды қаржыландыруды жұмылдыру" атты іс-шараға қатысуы болды.

Іс-шараны Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ), Қара теңіз сауда және даму банкі (ҚҚСДБ), KfW (Германияның мемлекеттік даму банкі) және ОПЕК Халықаралық даму қоры ұйымдастырды.

Екі іс-шара барысында да Ә.Қуантыров Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрес сенімді энергетиканы, бәсекеге қабілетті экспортты және климаттық тәуекелдерге төзімділікті қамтамасыз етуді білдіретінін атап өтті.

Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдап, 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын сөзсіз 17%-ға қысқарту жөнінде міндеттеме алды. Бұл қадамдар стратегиялық мақсаттарды нақты инвестициялық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік беретін Даму жөніндегі көпжақты банктердің ұзақ мерзімді стратегиялар бойынша бірлескен бағдарламасына бағытталған.

Жобаны әзірлеуге Дүниежүзілік банк 650 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп, техникалық көмек ұсынған.