Қазақстандықтарға екпе туралы SMS келе бастады: хабарлама алған соң не істеу керек

0
134

Екпелер туралы қосымша ақпаратты eGov Mobile мобильді қосымшасынан алуға болады.


Қазақстандықтарға екпе туралы SMS келе бастады: хабарлама алған соң не істеу керек

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда салынған екпелер туралы SMS арқылы хабарлау қызметі іске қосылды. Енді вакцинация туралы мәлімет тіркелгеннен кейін азаматтарға немесе балалардың заңды өкілдеріне вакцинаның түрі мен екпе салынған күні көрсетілген хабарлама автоматты түрде жіберіледі, деп жазады zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 10 қарашада Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Комитеттің мәліметінше, жаңа қызмет қазан айының соңында бүкіл ел бойынша іске қосылған.

Екпе туралы деректер медициналық ақпараттық жүйенің "Вакцинация" модуліне енгізілгеннен кейін азаматқа жасалған екпе туралы толық мәлімет қамтылған SMS автоматты түрде жолданады.

Хабарлама алған қазақстандықтар екпенің шынымен салынғанын немесе салынбағанын растауы қажет.

Ол үшін 1414 қысқа нөміріне мына кодтардың бірін жауап ретінде жіберу керек:

  • 811 ("Иә") – егер екпе шынымен салынған болса;
  • 812 ("Жоқ") – егер екпе салынбаған болса.

SMS-тегі ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азаматтар бұл туралы жауап хабарлама арқылы мәлімдей алады.

"Бұл нақты салынған екпелер мен медициналық ақпараттық жүйеге енгізілген мәліметтер арасындағы ықтимал сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді", – делінген комитет хабарламасында.

Екпелер туралы қосымша ақпаратты eGov Mobile мобильді қосымшасынан алуға болады.

Жаңа қызмет вакцинация есебінің ашықтығын арттыруға, медициналық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және халықпен кері байланысты күшейтуге бағытталған.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауға шалдығу маусымдық түрде көбейген кезеңде не істеу керектігін түсіндірген еді.