Сурет: pinterest.com
Қазіргі цифрлық дәуірде навигация біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, шет елге сапарға шыққанда, бөтен жерге алғаш барғанда, табиғат аясында саяхаттағанда немесе бейтаныс қаланың қуыс-қуысынан адаспау үшін...
Навигацияның ең оңтайлы, қолжетімді тәсілі – смартфондағы желі арқылы жұмыс істейтін карта қосымшалары болып тұр.
Алайда кейде жол үстінде интернет желісі тартпай қалатын, байланыс әлсіз болатын немесе роуминг тым қымбатқа түсетін жағдайлар жиі кездеседі. Осындай сәттерде офлайн жұмыс істейтін навигациялық қосымшалар нағыз көмекші. Олар алдын ала жүктелген карталар арқылы бағытты дәл көрсетіп, интернетсіз де жол табуға мүмкіндік береді. Бұл саяхатшыларға да, көлік жүргізушілеріне де, шалғай аймақтарға жиі шығатын адамдарға да таптырмас шешім.
Бірнеше мобильді навигациялық қосымшалар интернетке қосылмай-ақ (яғни офлайн) карта мен маршрут көрсетуге мүмкіндік береді. Солардың бірнешеуін таныстыра кетейік.
OsmAnd
OsmAnd — карта деректерін алдын-ала жүктеп алуға болады. GPS арқылы орын анықталады, маршрут (жаяу, көлік, велосипед) және дауыстық навигация қолжетімді. Әсіресе, жаяу жорыққа шығатындар үшін тиімді. Барғыңыз келетін бірнеше нысанды бірден белгілеуге болады.
Maps.me
Maps.me — әлемдік карта деректері негізінде карта мен бағыттарды интернетсіз көрсетуге арналған. Онда 195 елдің картасы егжей-тегжейлі сызылған. Маршруттың жаяу және автомобильмен жүріп өтуге болатын нұсқаларын көрсетеді. Туристер жиі баратын көрікті, тарихи нысандар, ойын-сауық орталықтары, т.б. қызықты нысандарға белгі қойылған.
Google Maps
Google Maps — интернетсіз навигация қажет болғанда ең сенімді құралдардың бірі. Егер алдағы сапарыңыздың картасын алдын ала жүктеп қойсаңыз, байланыс болмаса да жолды еркін таба аласыз. Әсіресе қалаларда өте дәл және тұрақты жұмыс істейді. Кафе, дүкендер, көрікті жерлерді іздеу қолжетімді. Офлайн режимде де маршрут құрып, бұрылыс, т.б. жайлы ескертпелерді дауыстап айтып отырады. Алайда трафик, жолдағы кептеліс және қоғамдық көлік кестелері жайлы ақпарат білгіңіз келсе, онлайн режимді қосуға тиіссіз. Бұл деректер тек интернет болғанда ғана жаңарады.
Guru Maps
Guru Maps-та карталарды толық офлайн режимде жүктеп, интернетсіз пайдалана аласыз. Треккинг пен жаяу саяхатқа өте қолайлы. Жер бедерін, биіктік айырмасын және маршрут күрделілігін нақты көрсетеді. Әр түрлі карта қабаттары (теміржол, жер бедері, спутник және т.б.) қолжетімді. Соның арқасында белсенді демалыста тауға шығуды немесе ашық ауада бағытпен жүруді жеңілдетеді. Офлайн карталары сапалы. Қосымша өте жеңіл, құрылғы жадысын көп алмайды. Маршруттарды жазып алу (трек жазу) мүмкіндігі бар
Organic Maps
Organic Maps — ашық кодты, жеке деректерді мүлде жинамайтын, толық офлайн карталар мен навигация ұсынатын заманауи балама. Қолданба OpenStreetMap деректеріне негізделген, сондықтан карта жиі жаңартылып отырады және қауымдастық тарапынан дамытылады. Офлайн режимде қалалардағы көшелерді, жаяу жүргінші бағыттарын, велосипед және туристік соқпақтарды дәл көрсетеді. Қолданба өте жеңіл, батареяны аз тұтынады және артық функциялармен ауырлатылмаған. Әсіресе саяхатшыларға, жаяу және тау маршрутын жоспарлайтындарға, сондай-ақ жеке деректер қауіпсіздігіне мән беретін қолданушыларға өте қолайлы.
Яндекс қосымшалары
Яндекс Навигатор және Яндекс Карты — қажетті аймақтың картасын алдын ала жүктеп алсаңыз, интернетсіз де толыққанды навигация жасауға болады. Офлайн режимде көлікпен жүруге арналған маршруттар, жаяу жүргінші бағыттары, мекемелерді іздеу және картадағы негізгі нысандарды көру мүмкіндігі сақталады.
Интернетке қосылған кезде бұл қызметтер жолдағы кептеліс, апаттар, жол жөндеу жұмыстары және камералар туралы нақты уақыттағы ақпаратты көрсетеді, ал офлайн режимде маршрутты соңғы жүктелген деректерге сүйеніп құрады. Дауыстық навигация да қолжетімді, сондықтан бейтаныс жерде жүру әлдеқайда жеңілдейді.
Яндекс Навигатор – көлік жүргізушілеріне қолайлы, ал Яндекс Карты – қаланы зерттеу, орындарды табу және серуен бағыттарын жоспарлау үшін тиімді шешім.
Не білу керек?
- Офлайн навигация арқылы картаны көруге, қажетті нысанды табуға болады. Бірақ кейбір мәліметтер (трафик, жол жағдайы, нақты уақыттағы жөндеу-жұмыс, камералар) көрсетілмеуі мүмкін.
- Кейбір қосымшалар тегін жұмыс істейді. Ал кейбірінің толық офлайндағы жұмысын тексеру үшін тәжірибе жасап көргіңіз келсе, бұл ақылы болуы мүмкін.
- Маршрутты дұрыс жоспарлау үшін қажетті аймақтардың картасын телефонға алдын-ала жүктеп алу керек.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


