Кейбір өндірушілер шабаданды да гаджетке айналдыруға тырысып жатыр.
Сурет: i.pinimg.com
«Шабадан» дегенде көз алдымызға бір ғана көрініс келеді – тіктөртбұрыш пішін, доғал бұрыштар, пластик корпус, шағын дөңгелектер және созылмалы телескопиялық тұтқа. Жолаушының сапарын жайлы ететін «жолсерігінің» классикалық үлгісі осындай. Алайда, ерекшелік пен көпфункциялықты жақсы көретіндер мұнымен шектелуге мәжбүр емес. Өйткені үнемі өзгеріс пен жаңашылдыққа ұмтылу үстіндегі қазіргі нарықта шабаданның да өзгеше әрі артықшылығы бар түрлері сан алуан. Заманауи модельдер тек көлемі мен материалы жағынан ғана емес, функционалды мүмкіндіктерімен де ерекшеленеді.
Ақылды чемодандар
Кейбір өндірушілер шабаданды да гаджетке айналдыруға тырысып жатыр. Мұндай модельдерде құрылғыларды зарядтауға арналған USB және Type-C порттары, GPS-трекерлер, Bluetooth модульдері және электронды құлыптар болады. Кейбірі арнайы қосымша арқылы иесіне хабарлама жібере алады.
Мұндай мүмкіндіктер жиі ұшатын немесе багажын тұрақты түрде тапсыратын жолаушыларға пайдалы болуы мүмкін. Дегенмен олардың көпшілігін жеке құрылғылармен алмастыруға болады. Мысалы, багажды бақылау үшін көптеген адамдар AirTag немесе соған ұқсас трекерлерді пайдаланады, ал кіріктірілген зарядтау құрылғысының орнына қарапайым пауэрбанк жеткілікті.
Сонымен қатар кейбір ақылды чемодандардың шектеулері де бар. Мысалы, ішінде алынбайтын аккумуляторы бар модельдер кейбір әуе компанияларында қосымша сұрақтар туындатуы мүмкін.
Rare Smart Duo чемоданы
Ноутбукке арналған арнайы бөлімі, USB және Type-C зарядтау порттары, сондай-ақ телефон мен сусынға арналған кіріктірілген ұстағыштары бар модель.
Plevo Infinite чемоданы
Кіріктірілген аккумуляторы, GPS-трекері және смартфон арқылы басқарылатын биометриялық құлпы бар. Сонымен қатар багаждың салмағын анықтап, чемодан иесінен алыстап кетсе, арнайы хабарлама жібере алады.
Cowarobot Leed Luggage робот-чемоданы
Бұл чемоданды сүйрудің қажеті жоқ, адамға өздігінен ілесіп жүре алады. Жолындағы кедергілерді айналып өтіп, иесінің жүру жылдамдығына бейімделеді. Смартфонға арналған қосымшамен, дабыл жүйесімен және кіріктірілген аккумулятормен жабдықталған.
Самокат-шабадан және басқа ерекше гибридтер
Кейбір өндірушілер чемодан тек жүк тасуға арналған болмауы керек деп шешкен. Соның нәтижесінде самокатқа айналатын чемодандар, орындық қызметін атқаратын модельдер, балаларға арналған чемодан-скутерлер, ашылып сөреге айналатын жүйелер және қажет кезде рюкзакқа айналатын трансформерлер пайда болды.
Мұндай модельдердің көпшілігі кең таралмаған. Әдетте олар классикалық чемодандарға қарағанда ауырлау, көлемдірек әрі бағасы да жоғары болады. Дегенмен белгілі бір жағдайларда өте ыңғайлы болуы мүмкін. Мысалы, ұзақ транзит кезінде немесе балалармен саяхаттағанда.
Micro Luggage
Әуежай мен қала ішінде жүруге арналған самокат-чемодан.
Airwheel SE3S
Электрлі самокатқа айналатын чемодан. Әуежай немесе вокзал ішінде жүруге арналған. Электрқозғалтқышпен жабдықталған және сағатына 10 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғала алады.
Pull-Up Case
Ашылған кезде сөреден тұратын шағын шкафқа айналады. Киім мен аксессуарларды қонақүйдің шкафына шығармай-ақ, чемоданның ішінде сақтауға мүмкіндік береді.
Levelo
Чемодан мен электрлі скутердің үйлесімі. Смартфонды зарядтауға арналған кіріктірілген аккумулятормен жабдықталған.
Кіріктірілген таразысы бар үлгілер
Мұндай модельдер біртіндеп кең таралып келеді. Әдетте таразы тұтқаның ішіне орнатылады: чемоданды көтерген кезде шағын дисплейде оның салмағы көрсетіледі.
Бұл мүмкіндік әсіресе лоукостер әуе компанияларымен жиі ұшатын немесе рұқсат етілген салмақ шегіне өте жақын багаж жинайтын жолаушыларға пайдалы. Әуежайға бармай тұрып-ақ артық жүк үшін ақы төлеу қажет пе, әлде заттарды қайта орналастыру керек пе – алдын ала білуге болады.
Дегенмен мұндай таразылар әзірге жеке багаж таразысын толық алмастыра алмайды, өйткені олардың дәлдігі сәл төменірек.
Жүк таспасынан бірден көзге түсетіндер
Қара, сұр немесе қою көк түсті шабадандар жүк таспасына ондаған ұқсас сөмке қатар қойылғанға дейін өте қолайлы болып көрінеді. Бірақ дәл сол сәтте ашық түсті чемодандардың артықшылығын бірден сезінесіз.
Жарқын түсті корпус багажыңызды тезірек байқауға мүмкіндік береді. Әсіресе бірнеше рейс қатар келген үлкен әуежайларда бұл өте ыңғайлы. Кейбір өндірушілер тек түсімен ғана емес, ерекше бедерлі корпусымен, контраст түсті тұтқаларымен немесе көзге түсетін найзағайымен ерекшеленетін модельдер шығарады. Мұндай чемодандарды да басқа багаждардың арасынан оңай ажыратуға болады.
Сызат аз байқалатын түрлері
Әзірге мүлде бүлінбейтін, сызылмайтын шабадан ойлап табылған жоқ. Жаңа сатып алынғанының өзі алғашқы рейстен кейін-ақ сызылып немесе қажалып қалуы мүмкін. Себебі багаж тасымалдау кезінде чемодандар үнемі бірінің үстіне бірі қойылып, әртүрлі тәсілмен тиеледі.
Әсіресе жылтыр корпусты модельдер тез тозады. Дүкенде әдемі көрінгенімен, пайдаланған кезде сызаттары жылдам байқалады.
Сондықтан көптеген брендтер күңгірт жабынды және бедерлі корпусты қолданады. Мұндай беттерде ұсақ сызаттар мен қажалған іздер онша байқалмайды. Әрине, олар чемоданды толық қорғамайды, бірақ сырт көрінісін ұзағырақ сақтауға көмектеседі.
Қуаттағышты таппай қала бермейтін шабадан
Шабадан таңдағанда маңыздысы – көлемінің үлкендігі ғана мес, ішкі орналастыру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы. Ол ретсіз болса, үлкен чемоданның өзі әп-сәтте қолапайсыз қорапқа айналады. Қуаттағышты алу үшін киім-кшкті шығаруға тура келсе, бет күтімі құралдары аяқкиімнің атсына орналасса, ал құжаттар керек кезінде чемоданның түбіне түсіп кетсе, бұл біраз жүйке талшығыңызды келмеске кетіреді.
Сондықтан қазіргі чемодандардың көбінде ішкі бөлгіштер, торлы қалталар және қысқыш белдіктер қарастырылған. Кейбір модельдерде алынбалы органайзерлер, техника мен косметикаға арналған жеке бөлімдер, киім ілетін портпледтер және сыртқы қалталар да бар. Мұндай жүйелер ішкі тәртіпсіздікті толық жоймаса да, қажетті затты табуды айтарлықтай жеңілдетеді.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
МЕДУЗА ШАҚСА не істеу керек: ҚАУІПТІ ТҮРін тану және АЛҒАШҚЫ КӨМЕК
Шекарадан кез келген құжатпен, ВИЗАСЫЗ кіргізетін әлемдегі ЖАЛҒЫЗ ЕЛ


