"Сөз ұқпасқа ақыл айтпа!"
Өз балаларын ғана емес, аулада, көшеде, банк пен емханадағы кезекте, саябақта бейтаныс адамдардың да мінезін «түзеткісі» келетіндер аз емес. Оныкі бұрыс екенін түсіндіру үшін сағаттап уақытын жұмсайды. Тіпті туысқандар хабарласа қалса, оларды тәрбиелегісі келеді-ау.
Соңында басы ауырады, шаршайды, ашуланады. Кешке жарына айтады. Айтып отырып тағы ашуланады. Ұйықтарда «Маған сол керек пе еді. Сол уақытымды өз балаларыма, сүйікті ісіммен айналысуға немесе жай ғана тынығуға жұмсасам болмас па еді? Жетер. Осы әдетімді қоям» деп өз-өзіне күбірлейді. Бірақ ертеңіне бәрі қайталанады.
Сіз де осындай әдеттен құтыла алмай жүрсіз бе? Әрине, бұл жаман әдет емес. Бірақ жүйке мен энергияны сақтау маңыздырақ. Егер осы бір әдеттен арылуды ойлап жүрсеңіз, мынау 5 психологиялық әдісті қолданып көріңіз.
1. «Өмірді ақшамен өлшеу» әдісі
Сіздің 1 сағаттық өміріңіз 100 мың теңге деп елестетіңіз. Кезекте біреумен 15 минут ұрыстыңыз, сіз 25 мың теңгеңізді сол адамға тегін сыйладыңыз. Біреу сіздің ақшаңызды тартып алмақ болса, шабуылдаушыдан қорғанар едіңіз. Ал уақытыңыз бен энергияңыз одан да қымбат емес пе?! Бұл ресурсты қорғау, қорғану - сөз ұқпайтын, бөтен адамды тәрбиелеуге тырыспау.
2. «Бұл менің жауапкершілігім емес» әдісі
Кез келген жағдайда тәрбиелеу, ақыл айту «түймеңіз» басылып кетсе, өзіңізге екі сұрақ қойыңыз: «Мен оны шынымен өзгерте аламын ба?» және «Бұл менің жауапкершілігім бе?». Жауап «жоқ» болса тоқтаңыз. Бейтаныс адамның мінезі сіздің бір сағаттық ақылыңыздан түзелмейді. Босқа энергия шығындамаңыз.
3. «10 секундтық тоқтам» әдісі
Біреудің мәдениетсіздігін көріп, қатесін айттыңыз. Ол сөз қайтарды. Ашуыңыз келді. Реакция бермес бұрын іштей асықпай 10 рет санаңыз. Нейропсихологтар импульсивті реакцияны 10 секундқа ұстап тұрсаңыз, оның күші айтарлықтай әлсірейтінін дәлелдеген. Сол 10 секунд ішінде өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Қазір оған сөйлесем, 10 минуттан кейін өзімді жақсы сезінемін бе?».
4. «Нәтиже» визуализациясы
Реакция бермес бұрын нәтижені елестетіңіз: «Мен оған айтсам, не болады?». Ол сіздің пікіріңізді қабылдамайды, тіпті қарсылық білдіреді. Сіздің энергияңыз ысырап болады. Бұл болашақ суретті анық көру әдісі және реакцияны болдырмаудың ең тиімді тәсілі.
5. «Өз бақшам» метафорасы
Өмірді бақша деп елестетіңіз. Сіздің тек өз бақшаңызда гүл өсіруіңіз керек. Кез келген адамның бақшасына кіріп, арамшөптерін жұлу - өз бақшаңызды назарсыз қалдыру деген сөз. Сіздің балаларыңыз, отбасыңыз, жұмысыңыз, денсаулығыңыз - бұлар сіздің бақшаңыз. Ал бейтаныс адам, туысқандар өз бақшасына жауапты.
Есіңізде болсын: сіз тек өз әрекеттеріңіз бен реакцияларыңыз үшін ғана жауаптысыз. Бүгіннен бастап «ақыл айтуды» емес, «энергияны сақтауды» таңдаңыз.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Осы 5 қадам ЖАСАЛМАЙЫНША өміріңіз ешқашан ӨЗГЕРМЕЙДІ


