Ақша - энергия, ол энергиясы жоғары адамға тартылады.
Фото: tr.pinterest.com
Кей адамдарға ақша жан-жақтан келіп жатады. Әр бастаған ісі бірден өрге домалай жөнеледі. Жылдан-жылға табысы артады. Ойлағаны орындала салады. Дегені бола қалады. Психологтар бұндай адамдарды "Энергиясы жоғары вибрациядағы адамдар" деп атайды. Энергияның вибрациясын жоғарылатуды келесі аптада осы психология айдарында талқылаймыз. Алдымен сіз энергияны көбейтуді үйренуіңіз керек.
Энергиясы көп адам қандай? Айналаңызға қараңыз да энергиясы асып-тасып жүрген адамды табыңыз. Ол қандай?
- өмірге құлшынысы зор
- алға қойған мақсаты көп
- үнемі күліп, жадырап жүреді
- позитивті
- демалыс күндері де үйінде отырмай, біресе базарда, біресе қыдырып, бір қарасаң достарымен кездесіп жүреді т.б.
Мүмкін сізде бұл белгілер жоқ шығар, бірақ кез келген адам энергиясын көбейте алады. Ол үшін төрт бағытта өзіңізді қадағалап, қарапайым әдеттерді қалыптастырыңыз.
1. Сөзіңізді түзеңіз
Сөз – жай дыбыс емес. Сөз – вибрация, толқын, әсер. Бір ауыз сөз дәрігердей емдесе, бір ауыз сөз әбігерге салады. Бір сөз ұрыстырса, бір сөз татуластырады. Бір сөз адамды құлатса, бір сөз мотиация береді. Бұның бәрі сөздің - ғаламат қуат екеніне дәлел.
Демек, адам энергиясын сөздері арқылы көтере алады. Бұл ең оңай жол. Ғалымдар ризашылық сөздерде энергия мол екенін анықтаған. Олай болса, күнді алғыс немесе шүкіршілік блокнотын жазудан бастаңыз. Бір күні 3 жағдайға шүкір жазсаңыз, келесі күні 3 нәрсе үшін өзіңізге алғыс жазыңыз. Осы реттілікпен күнде жазып отыруды әдетке айналдырыңыз.
Кез келген жақсы сөзде энергия көп. Сондықтан күніне кем дегенде өзіңіз туралы 10 аффирмация айтыңыз.
2. Жақсы көріңіз
Барлық энергияның ішінде ең жоғары вибрация – махаббат. Алға жылжуға күш беретін де, өмірді мағыналы ететін, отбасына береке, жүрекке тыныштық беретін де - сүйіспеншілік сезімі. Бұнда жатқан күшті дәлелдеудің қажеті жоқ-ау.
Махаббат әр адамның өзін-өзі сүюден басталады. Өзіңді сүймей тұрып, өмірді, жұмысты, басқа адамды жақсы көру қиын. Ал өзіңді сүю деген - өзіңді бар болмысыңмен қабылдау, өз уақытыңды құрметтеу, өз қажеттілігің мен денсаулығыңды бірінші орынға қою, өз қателігіңді кешіру т.б.
3. Ойды тазалаңыз
Ой – жүйрік, алға шығып әрнәрседен күдіктеніп, қорқыныштарды тізіп уайымға салады. Біреудің сөзі ойға оралса, ренжиміз. Бұл кез келген жаман ой энергияны сарқитынын білдіреді. Ал жақсы ой - сенім береді.
Бұл тұрғыда медитация, әр күнді жоспарлау, мақсатты қағазға жазу, жарқын болашақ өмірді ойша елестету т.б. жақсы ойға шоғырландырады.
4. Үнемі қозғалыста болыңыз
Түнде ұйықтап, күндіз жұмыс істеңіз. Жұмысыңыз жоқ па, онда спортпен айналысыңыз, билеңіз, серуендеңіз, суда жүзіңіз, сүйікті ісіңізге уақыт табыңыз. Адам қимылдаған сайын энергиясы артады. Қозғалыс бар жерде энергия бар. Ал энергия бар жерде ақша бар.
Қысқа-нұсқа айтсақ, энергияңыз жоғары болса – ақша сізді өзі іздеп табады. Энергияңыз төмен болса – ақша сізден қашады. Олай болса, сөз, сезім, ой және қозғалыс арқылы энергияңызды көтеруді бастаңыз. Бұл қиын емес!
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:


