​Қазіргі балаларға "өтпейтін" тәрбие тәсілдері

0
211

Цифрлы заман балаларының тәрбие паролін білгіңіз келе ме?


​Қазіргі балаларға

Фото: жасанды интеллект арқылы жасалды

Қазіргі балалардың мінез-құлқы, қызығушылықтары мен ойлау жүйесі айтарлықтай өзгерген. Олар Google-дан ақпарат іздеп, TikTok-та тренд жасап, виртуалды әлемде еркін жүреді. Мұның бәрі бұрынғы тәрбиелеу тәсілдерінің өзектілігін жойды.

Сонда не істеу керек? Қазіргі балаларға әсер етпейтін тәрбие әдістері мен оларды алмастыратын креативті шешімдерді білуіңіз қажет. Олар қайсы?


1. Бұйрыққа негізделген тәрбие

"Мен айттым – сен істеуің керек", "Сұрама, істей сал", "Жолама", "Бармайсың!" сияқты бұйрық түріндегі тәрбие бүгінде өтпейді. Қазіргі балалар қандай да бір іс-әрекеттің мәнін, себебін, нәтижесін түсінгісі келеді. Оларға неге солай істеу керек екенін түсіндірмей, жай ғана бұйыру – баланың сенімін жоғалтады және тыңдамауға әкеледі.

Креативті шешім: Бұйрық беру емес, түсіндіру керек. Мысалы, бөлмені жинау керек болса, “Бөлмең жинаулы болса, заттарыңды оңай табасың, уақытың үнемделеді, тіпті достарыңды шақырғанда ұялмайсың!” деңіз. Немесе ойын элементін қосыңыз: “Кел, бөлмеңді 10 минутта жинап, рекорд орнатайық!” Баланың “неге?” сұрағына жауап беріп, оны процеске тартыңыз. Немесе баланың өз шешімін ұсынуына мүмкіндік беріңіз. Мысалы, “Бөлмені қалай жинағың келеді? Өз жоспарыңды құрайық!” Бала өзін бағалы сезінеді.


2. Қатаң жазалау мен қорқыту

«Сабақ оқымасаң, ұрам», «Телефоныңды тартып аламын», «Ертең жүресің қара жұмыс істеп...» деген қорқыту, кінәлау, тіпті физикалық жаза да қазіргі балаларға әсер етпейді. Қорқыту тек қорғаныс реакциясын тудырады: бала өтірік айтуға, жасырынуға немесе қарсы шығуға үйренеді.

Креативті шешім: Қазіргі бала әділеттілікті, эмоциялық қолдауды қалайды. Баланың ішкі мотивациясын оятыңыз. Мысалы, “Сабағыңды жақсы оқысаң, өзің армандаған мамандыққа жол ашылады. Мысалы, дизайнер болғың келе ме? Ол үшін математика мен бағдарламалауды меңгеру керек!” деңіз. Яғни баланың қызығушылығын оның мақсатына байланыстырыңыз.

Немесе “Марапат картасын” жасаңыз. Мысалы, сабақтарын уақытында орындаса, бала “бонус” жинайды: бірге кино көру, сүйікті тағамын дайындау немесе серуен. Бұл – ойын сияқты, бірақ жауапкершілікті үйретеді.


3. Басқа балалармен салыстыру

«Көршінің баласы олимпиададан жүлде алды, ал сен не істедің?», «Ағаңдай неге болмайсың?», "Біздің кезде ондай болмаған" деген тәрізді салыстырулар мотивация емес, керісінше, ішкі күйзеліс пен бағынбаушылық туғызады. Қазіргі балалар өздерін басқалармен емес, өздерінің жетістіктерімен өлшегісі келеді.

Креативті шешім: Баланың бірегейлігін атап өтіңіз: “Сенің сурет салуға деген талантың керемет! Осыны дамытсаң, болашақта дизайнер болуың мүмкін!”

Оның күшті жақтарын мадақтаңыз және әлсіз жақтарын дамытуға бағыттаңыз. Мысалы, “Математика қиын ба? Ешкім бірден шебер бола алмайды, бірақ мен саған сенемін!”

Сондай-ақ "Жетістіктер картасын” жасаңыз. Бала аптасына бір жетістікті (кітап оқу, жаңа сөз үйрену, спорттағы прогресс) жазып отырсын. Бұл оның өзіне деген сенімін арттырады.


4. Тыңдамай ақыл айту

Баланың сөзіне, сезіміне көңіл бөлмей, тек өз ойын айту – диалог емес, монолог. Қазіргі балаларды “тыңдату” емес, “тыңдау” маңызды. Егер олар өз пікірін білдіре алмаса, ішкі жан дүниесін жауып тастайды. Демек, біржақты ақыл айту емес, сұхбаттасу мен түсіну тәсілі тиімді.

Креативті шешім: Диалог құрыңыз. Мысалы, бала мектептегі мәселесін айтса, “Сен не ойлайсың? Бұны қалай шешуге болады?” деп сұраңыз. Оның пікірін сыйлаңыз, тіпті келіспспекті жауап бермесе де. Балаға “Мен сені тыңдап жатырмын” деген сезім беріңіз.

Сонымен бірге “Отбасылық кеңес” дәстүрін енгізіңіз. Аптасына бір рет бірге отырып, әркім өз ойын, арманын, мәселесін айтады. Бұл – сенімді нығайтып, шынайы байланыс орнатады.


5. Бағындыруға тырысу

Кейбір ата-аналар үшін «тәртіп» – толықтай бағыныштылық. Алайда қазіргі бала ойлануға, сұрақ қоюға дағдыланған. Егер ата-анасы баланың сұрағына «Өйткені мен солай айттым» деп жауап берсе, бұл баланың қызығушылығын жояды. Қазіргі бала үшін логика, әділеттілік және еркіндік маңызды.

Креативті шешім: Баланы серіктес ретінде көріңіз. Мысалы, үй ережелерін бірге құрыңыз: “Телефонды қанша уақыт пайдаланғымыз келеді? Оның орнына не істей аламыз?” Баланың пікірін ескеріңіз, сонда ол ережелерді “міндет” емес, “ортақ шешім” деп қабылдайды.

“Еркін күн” дәстүрін енгізіңіз. Айына бір күн бала өзі қалағандай уақыт өткізеді (ата-анамен келісіп). Бұл – оның еркіндігін құрметтейтініңізді көрсетеді.


6. Цифрлық әлемнен ажырату

Қазіргі балалар үшін гаджеттер, интернет, ойындар – өмірдің бір бөлігі. Мұны мүлдем алып тастау немесе тыйым салу – бала мен ата-ана арасындағы сенім мен түсіністікті бұзады.

Креативті шешім: Цифрлық мәдениетті бірге үйреніңіз. Мысалы, баламен бірге YouTube-тан қызықты білім беру контентін қараңыз немесе оның сүйікті ойынын бірге ойнап көріңіз. Уақытты реттеу үшін “1 сағат ойын, 1 сағат кітап оқу, не дейсің?” деген секілді бірге кесте құрыңыз.

Баланың цифрлы әлемдегі қызығушылығын дамытыңыз. Мысалы, ол TikTok-қа қызықса, “Өз видеомызды түсіріп көрейік!” деп ұсыныңыз. Бұл – оның шығармашылығын ашады.


7. Тек талап ету

Қазіргі балалар сөзге емес, іс-әрекетке сенеді. Сіздің өмір салтыңыз – ең күшті тәрбие құралы, ал әрекетіңіз – оның компасы. Сондықтан тәрбие – ата-ананың мінез-құлқы мен өмір салты арқылы жүзеге асады. Мысалы, егер ата-ана баласына «Көп телефон қарама» десе, бірақ өзі күні бойы экранға үңілсе, бұдан түк шықпайды.

Креативті шешім: Балаңызға “Кітап оқы” дегеннің орнына, өзіңіз кітап оқыңыз және “Мына кітап қызық екен, оқып көргің келе ме?” деп ұсыныңыз.

Сонымен қатар “Отбасылық челлендж” ұйымдастырыңыз. Мысалы, “Бір апта телефонды кешкі 8-ден кейін пайдаланбаймыз, оның орнына бірге үстел ойынын ойнаймыз!” Бұл – барлығына қызық әрі тәрбие.


Қысқа-нұсқа айтсақ: Қазіргі балалар – ақылды, сезімтал, еркін тұлғалар. Оларға өтімді тәрбие әдістері – түсіну, қолдау көрсету және ортақ шешім қабылдау. Ал тәрбие паролі – сыйластық пен сенімге негізделген қарым-қатынас құру. Осы кілтпен балаңыздың жүрегінің есігін аша аласыз және тәрбиелейсіз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Баланы сөйлеуге ынталандыратын 3 СУПЕР Монтессори ӘДІСІ

Бақытты некенің 5 алтын ережесі