Мұндай сөздерді айтпаңыз!
Фото: ЖИ арқылы жасалды
Баланың психологиялық денсаулығы мен эмоционалды дамуы ата-ананың сөздері мен іс-әрекеттеріне тікелей байланысты. Ата-ананың кейбір сөзі балаға қанат бітірсе, енді кей сөзі оның өз-өзіне деген сенімін жояды. Жанына жара салатын сөздер де бар. Мұндай сөздерді айтудан әр ата-ана сақ болуы тиіс.
1. "Қоя салшы. Сенен ештеңе шықпайды"
Әсері: Бала мұны: "Қолыңнан түк келмейді", "Адам болмайсың" деп қабылдайды. Болашағына сенімін жоғалтып, өз күшіне күмән келтіреді. Бұл сөз – ішкі мотивацияны өлтіріп, жаңа нәрсені үйренуге деген құлшынысты жояды.
Оның орнына айтыңыз: “Қиын болса да үйреніп аласың. Мен саған сенемін” немесе
“Мен сені жақсы көремін, бірақ бұл ісіңе көңілім толмады. Басқаша жасап көрші”.
2. "Пәленше сияқты болсайшы!"
Әсері: Мұндай салыстыру баланың өзіндік ерекшелігін жоққа шығарып, қызғаныш пен ішкі бәсекені оятады. “Неге сен Айша сияқты оқи алмайсың?” немесе “Міне, Әлішер қандай ақылды!” деген сөздер баланың сенімін әлсіретіп, мейірімділігін азайтады.
Оның орнына айтыңыз: “Сенің мына қабілетің маған ұнайды, осыны дамыта бер” немесе“Сенің өзіңе тән ерекшелігің бар. Мынаны сәл басқаша жасасаң, жақсы болар еді”.
3. "Сен үнемі осындайсың!"
Әсері: Бұл сөз “Сен ешқашан дұрыс істемейсің”, “Сен өзгермейсің” дегенді білдіреді. Баланың бойында жағымсыз бейне қалыптастырып, өзгеруге деген ұмтылысын басады. Ол қателік жасаудан қорқа бастайды.
Оның орнына айтыңыз: “Бұл жолы қателік кетті, келесіде дұрыстап көр”, “Кешегіден бүгін жақсы орындадың, жарайсың”.
4. "Ары тұршы, жағаласпай..."
Әсері: Бұл сөз “Мазамды алмашы”, “Кетші, шаршатып жібердің” дегенмен тең. Бала өзін артық, керек емес адам сезінеді. Ата-анасы үшін өзін салмақ, тіпті кедергі ретінде қабылдайды.
Оның орнына айтыңыз: “Қазір шаршап тұрмын, бірақ біраздан соң сөйлесеміз”,
“Маған аздап тынығу керек, кейінірек сөйлесейік”.
5. "Неге жылай бересің?"
Әсері: Бұл – баланың эмоциясын білдіруге шектеу қою. Эмоцияларын іште тұншықтыру – агрессияға не тұйықтыққа әкелуі мүмкін. Бала ата-анасына сырын ашпайтын, ішке бүккен күйде өседі.
Оның орнына айтыңыз: “Жылағың келіп тұрса жыла. Бұл – қалыпты жағдай. Маған неге жылап тұрғаныңды айтшы”,“Кім сені ренжітті? Ештеңеден қорықпа, маған бәрін айта аласың”.
6. "Сен мені ұятқа қалдырдың!"
Әсері: Бұл сөз баланың тұлғасына бағытталып айтылады. Ол өзін кінәлі сезініп, қоғамнан оқшаулануы мүмкін. Уақыт өте келе социофобияға ұшырауы ықтимал.
Оның орнына айтыңыз: “Бұл әрекетің дұрыс болмады. Келесіде қалай жасауға болатынын бірге ойланып көрейік”, “Бұл ісіңнің салдарын ойлап көр. Оны түзетуге мүмкіндік бар”.
7. "Тез бол, әйтпесе сені тастап кетемін"
Әсері: Қорқыту баланың қауіпсіздік сезімін жояды. Ата-анаға деген сенім азайып, тұрақсыздық пайда болады.
Оның орнына айтыңыз: “Қане, бірге тезірек дайындалайық”, “Менің балам пысық қой, өз киімін өзі киіп үлгереді”.
Есіңізде болсын: Балаңыздың өзін-өзі бағалауы мен ішкі сенімі – сіздің сөзіңізден бастау алады. Әр сөздің жағымды баламасы бар. Үлкендерге ғана емес, балаға да таңдап, талғап сөйлеуді үйренейік.
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз: