Егер осы төрт тірек әлсіресе – қарым-қатынас та әлсірейді. Ал оларды күшейтсеңіз – неке берік болады.
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Бақытты отбасы дайын күйде, аз уақытта қалыптаса салмайды. Оны екі адам күн сайын кірпіш қалағандай бірлесіп құрады. Иә, бұл күн сайынғы көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды төрт тірекке сүйенетін еңбек.
1-тірек: СЕНІМ
Бұл некенің іргетасы. Бір-біріне деген сенім ұзақ уақыт бойы ұсақ-ұсақ іс-әрекеттер арқылы қалыптасады. Ол тек сезімге адалдық емес, уәдеде тұру, жауапкершілік, алдамау, екеуі арасындағы сырды үшінші адамға шашпау.
Жағдаят: Айдана мен Серіктің үйленгеніне үш жыл. Серік жұмыстан қайтарда бір мөлтекауданда тұратын әріптесі көлігіне мінеді. Зейнет жасына жақындаған үлкен әйелге дайын көлікпен жүру ыңғайлы. Таңертең ол «Шықтым. Күтіп тұрмын» деп жазады. Серік бұл туралы Айданаға айтуды маңызды деп ойламайды. Бір күні Айдана Серіктің телефонынан әлгі әйелдің «Үйіңнен шығарда жаз» деген хаттарын оқиды. Қызғанады, өзін қор санайды, күмәнданады, оңашада жылайды.
Сол күннен бастап Айдана күйеуінің телефонын тексеретін болды. Ал Серік «маған сенбейсің» деп ренжиді. Екеуінің арасында суық соғыс, ашық дау, кейін толық үнсіздік орнайды.
Шешім: Бұл жағдайда екі жақтың да қателігі бар. Серік әйелінің күмәнін тудыратын бұндай жағдайларды ашып айтып отыруы керек. Ал Айдана телефон тексеру сенімді қалпына келтірмейтінін, керісінше оны толық жоятынын есте ұстап, эмоциясын айыптау емес, оны дұрыс жеткізуді білгені жөн. «Сен неге бұлай істедің?» емес, «Мен өзімді қорланғандай сезіндім», «Сенің ол әйелмен жазысқаның емес, оны менен жасырғаның ауыр тиді» деп айтуы керек. Ал Серік «Мен бұны маңызды деп ойламадым, бірақ саған ауыр тигенін түсіндім. Кешір» деп ортақ түсітінстікке келу қажет.
Бірге отырып «Біздің арадағы сенімді қалай сақтаймыз?» деген ережелерді белгілеулері маңызды. Олар күдік бақылауға, бақылау шаршауға, ал шаршау алыстауға апаратынын есте ұстап, ұсақ нәрселерді де ашық айтып отыруға үйренгені абзал.
2-тірек: «МЕН»-нен «БІЗГЕ» ӨТУ
Некелі өмір жұптасып өмір сүру болғандықтан, «Мен» деген амбициядан «Біз» деген сөзге өткенде екеу арасында бірлік пайда болады. Мысалы: менің ақшам, менің уақытым, менің үйім, менің арманым т.б.
«Біз» деген сөз жай есімдік емес, ол бірлік дегенді білдіреді. «Біз» дейтін отбасында жұбайлар балаларды бірге тәрбиелейді, қаржыны бірге жоспарлайды, болашақты бірге армандайды, кез келген мәселені бірге шешеді. Үй шаруасында бір-біріне «Біз» деп жәрдемдесу де бұл қамқорлықтың ең жоғары көрінісі.
Жағдаят: Арман мен Гүлбану үйленгеннен соң бірнеше жыл жалдамалы пәтерде жүреді. Осы аралықта үш балалы боп үлгереді. Екеуі ақшаларын топтап, ипотекаға екі бөлмелі пәтер алады. Пәтер Арманның атына рәсімделеді. Кейде Арманның жұмысы жүрмей үйде жатады. Ипотеканы Гүлбану төлейді.
Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырлап, ұрыс болады. Сондайда Арман «Бұл менің үйім. Менен кетсең, сен далада қаласың» дегенді жиі айтады. Бұл сөздер Гүлбанудың жүрегіне ауыр тиеді. Себебі ол бұл үйді «өз үйім» деп емес, «біздің үйіміз» деп қабылдаған еді. Өз табысымен ипотеканы төлеп жүргеніне қарамастан, өзін бұл шаңырақта «қонақ» сияқты сезіне бастайды. Ішінде реніш жиналып, бір күні ол да жарылып «Егер бұл тек сенің үйің болса, онда неге мен оның несиесін төлеп жүрмін? Бұдан былай жалақымды бөлек жинаймын» дейді.
Осы сәттен бастап олардың арасындағы «біз» сезімі әлсіреп, «мен» мен «сеннің» күресіне айналады.
Шешім: «Кімнің үйі?» деген сұрақтан «біздің жауапкершілік» дегенге көшу керек. Екеуі «Бұл үйге кім қанша ақша салды?» деп емес, «Бұл үйде біз қандай отбасы құрғымыз келеді?» деп сөйлесуі қажет.
Сондай-ақ Гүлбану үнсіз ашуланып жүре бермей, «Сен «менің үйім» дегенде, мен өзімді бұл жерде бөтен адамдай сезінемін…» деп айтып түсіндіргені абзал.
3-тірек: АШЫҚ ДИАЛОГ
Отбасылық психологтар «Мәселе ұрысқаннан емес, үнсіз қалғаннан туады» дейді. Айтылмаған сөз реніш болып қалады. Реніш ашу болып жарылады. Ашу суықтыққа айналады. Ал салқындық жат адамдарға айналдырады. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасында ашық диалог болуы қажет. Олар бір-біріне тек жақсы жаңалықтарды емес, өз сезімдері мен уайымдарын да ашық айта білуі керек.
Әрине диалогтың негізгі қағидасы - айыптамай сезімді айту. «Сен ылғи...» деп бастамай, «Маған ауыр тиді, себебі...» деп бастаған дұрыс. Диалог барысында 3 жыл бұрынғы оқиғаны қозғамай, қазіргі мәселені шешуді ойлау маңызды.
Жары сөйлеп жатқанда, жауап қайтаруды емес, нені сезініп жатқанын түсінуге тырысқан жөн. Сонымен қатар екеудің арасында қандай да мәселе туындаса, міндетті түрде «Неге?», «Себебі не?», «Қалай шешеміз?» деп ашық сөйлесу қажет.
Жағдаят: Нұрлан мен Мадина үйленгеннен кейін Нұрлан «үй әйелдің аумағы», «еркек түздің адамы» деген ұстанымда болды. Екеуі бірге жұмыстан келеді. Мадина киімін ауыстырады да тамақ істеуге кіріседі. Ал Нұрлан тамақ даяр болғанша аулада көршілерімен әңгіме-дүкен құрып отырады. Тамақтанып болған соң тағы да далаға шығып кетеді. Әйелінің төсек салғанын күтеді. Түнде ыдыс жуылмаса ұрсады.
Балалы болғаннан кейін де күйеуінен ешқандай көмек болмайды. Бірақ күнде манты, бесбармақ сияқты тамақты, тазалықты, таңғы асты күтеді. Бастапқыда Мадина шыдайды. Бірте-бірте шаршауы ызаға, ызасы суықтыққа айналады. «Мен қызметші емеспін» деп жарылып кетеді бір күні. Нұрлан «Жұрттың әйелдері бәріне үлгеріп жүр» деп айыптайды. Ұрыс ұласады...
Шешім: Олар «кімдікі дұрыс?» деген күресті доғарып, «Біз қалай бақытты боламыз?» деген сұраққа жауап іздеуі керек. Мадина Нұрланға «Сенің көмегің керек», «Біз бірге істесек, мен өзімді бақыттырақ сезінемін», «Балалар сенімен уақыт өткізгенде бақытты» деп айту арқылы оның өзін бағалы сезінуіндірудің жолдарын қарастыруы керек. Екі-үш күн үйде болмай, Нұрланға өз орнын ұқтыруы да артық етпейді. Немесе «Отбасылық міндеттер кестесі» жасауы маңызды. Мұнда Нұрланға отбасы ортақ жауапкершілік екенін түсіндіру керек.
4-тірек: ҚҰРМЕТ
Бұл махаббаттан да берік. Сезім өзгереді. Кейде суиды, кейде тасиды. Бірақ құрмет өзгермеуі тиіс. Өйткені бұл терең байланыс.
Ұзақ жасаған ерлі-зайыптыларға «отбасыңызды ұстап тұрған не?» деп сұрасаңыз, олардың жауабы көбінесе «махаббат» емес, «сыйластық» болады. Өйткені құрмет бұл - жарыңыздың пікірін дұрыс деп санамасаңыз да, кемсітпеу, даудың ортасында да жеке шекараны сыйлау, достар немесе туыстар алдында жарыңызды қорғау, қиын кезде бірге болу.
Отбасының іргесін бекіту үшін керемет бір ерлік жасау міндетті емес. Тек кешкісін бір кесе шай үстінде жарыңның көзіне қарап, «Мен сенімен біргемін» деп айта алу.
Жағдаят: Аслан мен Жанельдің үйленгеніне 12 жыл болған. Екеуі де жұмыс істейді, төрт баласы бар. Ағайындар ортасында бір күні жеңгесі Асланға «Өзің киіне бергенше, Жанельге жаңа көйлек әпермейсің бе?» деп қағытады. Аслан «20 кг салмақ тастасын, сосын әперем. Қазір бәрібір киім жараспайды» дейді. Аслан дастархан басында аға-жеңгелерінің, әпкелерінің көзінше айтады. Достарының алдында да әзілдеп «Тоқал аламын-ау» дегенді көп айтады. Жанель күлімсірегендей болғанымен, іштей қатты ренжиді. Ал Аслан болса «жай әзіл ғой» деп мән бермейді. Бірақ осындай сөздерден кейін Жанель көпшілік ортаға барғысы келмейді, күйеуіне ашыла алмай, арада салқындық пайда болады.
Шешім: Көп ерлі-зайыптылар «әзіл» арқылы бір-бірін байқамай жаралайды. Психологиялық тұрғыда, жеке абыройға тиетін әзіл бұл жасырын агрессия.
Жанельдің жағдайында да мәселе – ақшада да, әзілде де емес. Негізгі түйін құрметтің бұзылуы. Жанель өзін қорғалмаған, бағаланбаған адам ретінде сезінді. Ал әйел үшін ең ауыр соққының бірі өз жарының басқалардың алдында қадірін түсіруі, кемшілігін айтуы.
Сондықтан біріншіден Жанель бұндай әзілдер ұнамайтынын, екінші рет айтпауды ескертуі керек. Екеуі бірлесе қай тақырыптар көпшілік ортада жабық болуы керектігін белгілеуі қажет. Ал байқамай айтылған кезде «Мен сені сыйлаймын, кешірші», «Мен сені бағалаймын» деген қарапайым сөздермен қарым-қатынасты қайта жылытуға тырысуы керек. Қысқаша айтқанда, олар түзде бір-бірін қорғауды, қолдауды, жақсы жағынан көрсетуді ойлауы керек-ақ.
Бақытты отбасы екі адамның бір-біріне сенімі, сөйлесуі мен тыңдауы, қолдау және құрметі арқылы құрылады. Егер осы төрт тірек әлсіресе – қарым-қатынас та әлсірейді. Ал оларды күшейтсеңіз – неке берік болады.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:


