"Жас мұғалімді ұнататынын айтқан": бойжеткен жігітінің ерекше сөз салғанын айтты

0
260

«Балам болашақ келінді таныстыру үшін үйге ертіп келе жатыр екен. Досыңа арнап дастархан жаюға көмектесіп жіберші»


Сурет: i.pinimg.com

ERNUR.KZ тілшісіне сыр ақтарған бойжеткен сүйіктісінің өзіне қалай ерекше етіп сөз салғанын айтып берді.

"Сізді жақсы көретін жан қасыңызда. Тек мұны көре алу керек, байқампаз болу керек. Оған қоса сезімтал жүрек те қажет"


"Мен оны ес білгелі жақсы көрем. Бір көшеде, көрші тұратынбыз. Балалық шағымызда бірге ойнадық, ойыншықтарымызды да бөлісетінбіз. Екеуміз бір сыныпта оқыдық. Оны сыныптастар арасында болып тұратын келемеждеулер, түртпектеулерден мені қорғаштайтыны үшін жақсы көрдім. Менің шашымды тартқан балалардың сазайын беретін. Жылап қалсам, жұбататын. Сөмкемді үйден арқалап алып кетеді, мектептен арқалап алып келеді.

Балалық махаббат қой. Бірақ жетінші сыныпқа көшкенде ол маған ішкі сырын айта бастады. Жаңадан келген, жас мұғалімді ұнататынын айтты. Университетті жаңадан бітіріп келген сұлу апай еді. Бізге ағылшын тілінен сабақ беретін.

Сол кезде ішім қылп ете қалған. Қызғаныш деген осылай болатын шығар. Әрине, өзімді ол сұлу мұғаліммен салыстыра алмаймын. Бірақ, мен соған ұқсауға тырыстым. Апайға еліктеймін деп алғаш рет боянуды бастадым. Жетінші сыныптың қызы қайбір боянуды біледі дейсіз? Сыныптас балаға ұнау үшін жасап жүрмін ғой, одан мақтау сөз естимін деп ойладым. Ал ол болса бетіме қарап күлді де «Не істеп алғансың? Түрің басқаша болып кетіпті бүгін» деді. Одан сайын ызаландым. «Мен сен үшін тырысып жүрмін, сен үшін бояндым» деп айта алмадым ол кезде. Ұялғаннан қызарып кетіп, бояуларымды өшіріп тастадым.

Содан тоғызыншы сыныпқа көшкенде Айсұлумен сөйлесуді бастады. Үйде, ешкімге көрсетпей булығып жылап алғанмын сонда.

Мектепті аяқтаған соң сыныптастар жан-жаққа тарап кеттік. Ол екеуміз әртүрлі мамандықты, әр түрлі университетті таңдағанымызбен, бір қалаға оқуға түстік. Соның өзі де маған жұбаныш еді. Бірақ тоғызыншы сыныптан бері сөйлесіп жүрген Айсұлу да осы қалаға оқуға түскен.

Бірінші курста оқып жүргенде ол маған қоңырау шалды. Қуанып кеттім. Өмірінде бірінші рет ащы судың дәмін татқанын, мас болып қалғанын, үйіне қайта алмай жатқанын айтты. Үлкен қалада адам күндіздің өзінде әрең мекенжайын тауып барады ғой алғашқы кездерде. Ал ол болса түнгі клубқа барыпты, сол жерде ішімдік ішіп, енді «маған үйге қайтуға көмектес» деп отыр.

«Мен қыз баламын ғой, қалай барам?» демедім, естіген бойда жетіп бардым. Беті-қолын салқын сумен жуып, далаға сүйеп шығарып, есін жинатқандай болдым. Сөйтіп такси шақырып, жалдап тұратын пәтеріне дейін жеткізіп, қайтып кеттім.

Ертеңіне өзінің масайып қалғанын айтып, менен кешірім сұрады. Айсұлумен ұрысып қалып, соған шыдамай, жалғыз өзі түнгі клубқа барып ішкен екен. Іштей қуанып қалғанымды жасыра алмаймын.

Бір рет тағы да келеңсіз жағдайға тап болды. Жолдан жаяу өткіншілер жолағымен өтіп бара жатқанда көлік қағып кетіп, ауруханаға түсіп қалды. Соны естіген бойда қалай ауруханаға жетіп барғанымды білмеймін. Палатасына кірсем, сынған аяғын гипстеп, бір темірге асып қойыпты. Қасында Айсұлу отыр екен. Қолын ұстап алыпты.

Сол Айсұлумен бірде жарасып, бірде ұрысып, әйтеуір соңында екі жаққа кетті. Мұның барлығын маған өзі айтады. Мені сырлас досындай көреді ғой. Одан кейін Гүлнұрмен сөйлесті. Одан кейін Тоғжан, Алтынай... Тізбектесең кете береді, біраз қыздармен сөйлесті. Осының барлығын мен білемін. Қызғаныштан ішім өртеніп кететін. Бірақ неге екенін білмеймін, ол шақырса жетіп барам. Қоңырау шалса, сағаттап сөйлесем. Бас тарта алмаймын. Не істеп жүргенімді де өзім білмеймін.

Бір күні оның анасы мені үйіне шақырды. Жазғы демалыс берілген болатын оқудан. Екеуміз де ауылдамыз. Ол кезде үшінші курсты аяқтадық екеуміз де. Сол күні «Балам болашақ келінді таныстыру үшін үйге ертіп келе жатыр екен. Досыңа арнап дастархан жаюға көмектесіп жіберші» деді. Қызғанып кеттім оны. Іштегі жалын бетімді де шарпыған шығар, қызарғанымды сездім. Бірақ, өзімше сыр білдірмей «Аа, құтты болсын! Жақсы болыпты ғой» деймін. Үлкен кісі, анамдай болып кеткен адам, көрші тұрамыз, көңілін қимай амалсыз бардым.

Салат дайындадық, тамақ жасадық. Пияз тураған болып, жылап та алдым. Көз жасым толық шықпай, солықтап тұрмын. Бір кезде ол келді. Қолында үлкен десте раушан гүлдері бар. Қып-қызыл. Көздің жауын алады. Алайда, бұл маған арналмаған ғой.

«Қане болашақ келіншегің?» деп кекетіп сұрадым. Жыным келіп тұр. Ол болса «Келеді қазір, мен оны үйде күтетін болдым. Қарашы, оған алған гүлдерім, әдемі иә?» деп менің сабырымды сынап әлек. «Хм, әдемі шығар. Кәдімгі раушан ғой» деймін.

«Болды, салат, тамақ барлығын жасап, дастарханды жайнатып қойдық. Енді мен кете берейін» деп едім, арғы бөлмеден анасы шығып «Тоқта, қызым! Қайда барасың? Болашақ келінді көріп кетпейсің бе? Бізбен бірге отыр» дейді. Сол сәтте «жарайды, көрейінші кімді таңдағанын» деп қырсығып, оның келгенін күттім. Ол көпке дейін келмеді, оған дейін үшеуміз отырып бірсыпыра шай ішіп алдық. Жылағым келіп отыр. «Мен не істеп отырмын?» деген ой маза бермеді. Кетуге ыңғайландым ақыры. Сол сәтте ол алдыма бір тізерлеп отыра қалды да «Менің келіншегім болшы!» деп қорапшадағы сақинасын көрсетті. Абдырап қалдым да «Аа, әлгі қыз ше?» дедім аузыма басқа сөз түспей.

«Ешкім келмейді. Анашым екеуміз саған арнап ұйымдастырдық осының барлығын. Мен сені жақсы көрем, ылғи жанымда болдың. Жанымды түсінетін, мәңгілік жарым болғаныңды қалаймын!» дегенде, түс көріп жатқандай болдым. Бұлай сөз салады деп ойламаған едім. Ерекше қылып ұйымдастырғанын айтсаңшы!"